Қайрат Құдайберген онлайн казино мен букмекерлерді жою туралы петиция құрды

"Өкінішке қарай, сіз-біздеп шырылдап жүрген мәселе бей-жай қалып отыр. Бұл онлайн казино, букмекерлер бинго, алаяқтардың өтірік ойнау платформалары, ойын құмарлыққа шақыратын, техникалық тұрғыда заңсыз, лицензиясы жоқ осындай ойындарды көріп отырмыз", - дейді депутат.

Құдайберген бұған дейін де петиция құрып, қол жинап, президентке жолдағанын айтады. Алайда әзірге бұл сұрақ назардан тыс қалып отыр, дейді кәсіпкер.

Айтуынша, құмар ойындар еліміздегі жанұя институтын бұзады.

"Қаншама отбасылар ажырасып жатыр, адамдар өзіне қол жұмсап жатыр, қарызға батып, біреудің өмірімен ойнап жатқан ойын құмарлардың, казинолардың қалтасын толтырып жатыр. Елімізден миллиардтаған ақшалар басқа елдің офшорлық зонасына, банктеріне кетіп жатыр. Бұған қарайтын құзырлы органдар қазіргі таңда ештеңе естімейтін, көрмейтін, бұл туралы айтпайтын ұйымдарға айналды", - дейді Құдайберген.

Депутат букмекерлер мен онлайн казинолардың жарнамасы "жер жаратынын" айтып ашынды. Әсіресе, спортты насихаттайтын арналардың құмар ойынды қолдап отырғаны өкінішті, дейді ол.

"Ең намысқа тиетін нәрсе, үлкен сайттар, YouTube, телеарна болсын, спортты насихаттайтын біздің ұлттық телеарналар осы букмекерлердің жарнамасына қарқын беріп отыр. Бұл - нағыз ұят, намыссыздық. Елімізді алдап жүрген букмекерлердің ақшаларын алып, спортқа салу. Меніңше, спортқа салатын ақшасы 5 пайыз, ал 95 пайызы біреудің қалтасын толтырып жатыр. Бұл ақша - қарапайым халықтың ақшасы", - дейді Құдайберген.


"Ел ағасы ретінде осы сұрақты қолға алып, шешуіңізді сұраймыз", - деп президентке өтінішін айтты депутат.

Құдайберген бұл мәселеге бей-жай қарамайтын адамдарды петицияға қол қоюға шақырды. Ол қазірдің өзінде 21 мыңнан аса қол жинап үлгерген.