Қайрат Жолдыбай мен Мұхамеджан Тазабеков Мәжіліс сайлауына түссе, кім жеңеді?

Әлеуметтік желіде Ораз Әлімбек Қайрат Жолдыбай мен Мұхамеджан Тазабековтің сайлауға түседі деген жорамалмен сараптама жасады, деп жазды Caravan.kz медиа порталының тілішісі. 

"Жолдыбай мықты ма, Тазабеков нық тұр ма?

Саясаттан дәмесі бар Мұхамеджан Тазабековті «анау-мынаумен» салыстыру ұят тірлік. Сондықтан, оны өзі құралпас, білдей бір сопылық тариқаттың ноқта ұстар рухани ұстазы Қайрат Жолдыбаймен салыстыру әділетті болар еді.

Себебі, Қайрат пен Мұхамеджан Исматулла тақсыр мен Зікірия Жандарбек секілді ортағасырлық түнек түсінікте қалып қойған путиноид дүмше діндар емес. Жолдыбай да, Тазабеков те гаджетті, әлуеметтік желі технологияларын жетік меңгерген іздемпаз адам.

Қайрат имам Жолдыбай Түркиядан желі тартып тұрған гүленшілердің лидері деген сөз көптен бері айтылып жүр. Бұл діни идеологиялық ағым Қазақстанның ағарту саласында, бизнесте ойып орын алған. Тіпті, гүленші-нұршы бірнеше министрдің үкіметте жүргені жасырын емес.

Қайрат Жолдыбай бір кездері наиб мүфти дәрежесіне дейін көтерілді. «Бас мүфти болуға лайық» деген рушыл пікір бар. Оңтүстік-шығыс халқы оны белгілі бір деңгейде қолдайды, Жолдыбайдың өзі де осы аймақтағы «саяси кланға» арқа сүйейді. Оны пір санайтын, спонсорлық көмекті аямайтын бизнесмендер жетерлік. Қайрат молда президенттің әкесінің атымен «Кемел адам» деген кітап жазды. Президент Тоқаев теледидарға шығып, «Кемел адамды» парақтап отырып, кітаптан цитата келтірген, Жолдыбай жазбасындағы «ұлағатты сөзді» халықтың назарына ұсынған. Бұл жағдай Қайрат Жолдыбайдың Ақ орда маңында күшті лоббиі бар екенін білдіреді. Қысқартып айтсақ, Қайрат Жолдыбайдың «төрт құбыласы түгел», оны ойланып жатпай кез келген бәйгеге қоса берсе болады. Дегенмен...

Егер Қайрат Жолдыбай мен Мұхамеджан Тазабеков бір мандатты округтен Мәжіліс сайлауына түссе, кім жеңеді?

Оңтүстік-шығыстың рушыл сезімі бар аз-маз адамдары «Қайрат! Қайрат» деп шу ете қалатыны анық. «Сақалды сәләфи керек емес!» деп, бетбақтырмай айқайлайтындар да шығады. Бірақ, мұның бәрі – эмоция. Жәй эмоция емес, негізсіз эмоция... Бұл эмоцияны діни идеологиялық уағыз әп-сетте басып тастайды. Олай жасайтын тетік бар.

Егер Жолдыбай мен Мұхамеджан депутаттық бір мандатқа таласса, соңғысы орасан зор пайыз айрмашылығымен жеңеді. Бұл – ақиқат. Оны негіздейтін аргумент жеткілікті. Тіпті, екеуі Алматы облысының шығысындағы бірмандатты округтен сайлауға түссе де, Мұхмеджан жеңеді. Неге?

Сонымен қатар, қазіргі Бас мүфти билік тармақтарындағы сәләфилік көзқарастағы шенеуніктердің қолдауымен келген деген мәлімет бар. Оны былай жиыстырып қойсақ, ҚМДБ жүйесінде сәләфи көзқарастағы имамдар әжептәуір үлес алады. Яғни, мешіт жамағатының бір бөлігі Мұхамеджанға дауыс береді. Мұның сыртында сәләфилік ағымның мадхалит-сурурит тармағының қазақстандық «шейхтары» интернетте белсенді уағыз жасап отыр. Олар да Тазабековті қолдайтын жанама уағызды күшейтеді. Әгәрәки, Тазабеков Орал өңірінен сайлауға түссе де, сопы адвокат Абзал Құспанды шаң қаптырып, құйрығын көрсетпей зуылдап мәре сызығынан әп-сәтте жетіп барады. Әрине, ол үшін әділ, таза сайлау өтуі шарт.

Мұхамеджанмен тіресетін тағы кім бар?
Арман Шораев, Мұхтар Тайжан, Ермұрат Бапи, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан... «Сыразу» айту салайық, ашық саяси додада олардың ешқайсысы Тазабековтің «тырнағына татымайды». Бұл Мұхамеджанды көзсіз көтермелеу емес, басқаны жөнсіз тұқырту емес. Бұл - қазақ саяси аренасындағы қазіргі жағдайды сараптаған анализдің шынайы қорытындысы.

Мұхамеджан Тазабеков жалғыз емес. Оның Рахат Жақсыбай (Жақсы.кз), Азамат Битан (Намыс.кз), Мұрат Есжан (зікіршілерді талқандаған «Ақиқат» деректі фильмінің авторы), Өркен Кенжебек, Тимур Бектұр және тағы басқа қырандай қомданған білікті медиа мамандары бар. Үлкен ғимараттың екі этажына толып отырған ІТ мамандардың атын атап, түсін түстеп түгендеп жатпаймыз.

Мұхамеджан Тазабековтің өзі де, оны қолдай кететін эстрада, айтыс, шоу майталмандары да қаражаяу емес. Мысалы, Мұхамеджанның ТәлімТВ ютуб арнасына арнайы жазылғандардың саны 1,5 млн-ға жуық, жазылмай көретін қаншама адам бар. Тазабековтің әлеуметтік желідегі бір парақшасына 2 млн-ға жуық адам жазылған. Басқасын тағы да айтып жатпаймыз. Мұхамеджан осы ресуртың өзін ғана жұмылдарғанда Қайрат Жолдыбайды қиралаңдатып жарты жолда шөңкитіп тастап кетеді.

Ал, Мұхамеджанды қолдайтын эстрада-айтыс-шоу жұлдыздарының санынан жаңыласың. Мысалы, Айнұр Тұрсынбаеваның әлеуметтік желідегі бір ғана парқшасына жазылғандар саны 4,1 млн, Қайрат Нұртас - 6,7 млн, Төреғали Төрәлі -3,7 млн, Ерке Есмахан -7,7 млн, Нұртас Адамбаев - .., осылай-осылай кете береді. Бұлардың бәрі Мұхамеджанның бір ауыз сөзіне тоқтайды, «сайлау кампанияма қосыл» десе, ешқайсысы бас тартпайды. Себебі, олардың бәрі болмаса да, түгелге жуығы Мұхамеджанды қолдайтын алып жамағаттың есебінен бизнес жасап жүр (мақалаға қатысты басқа да дәлелді коммент алаңына қоямын).

Қазір тіпті, Бекболат Тілеуханды қоспай, Мұхамеджан Тазабековтің өзін жеке қарастырсақ, оны жүйелеген алып саяси партиядан жоғары қоюға болатын шығар. Осы тұрғыдан қарасақ, Қайрат Жолдыбай бүткіл ресурсын жинап, өзінің үгіт-наситына «Республика» мен «Байтақ» партиясын қосса да, Мұхамеджан Тазабековті жеңе алмайды. Тіпті экс-спикер Қошанов (Қосанов емес) билік партиясы аталатын «Аманаттың» қолдауымен бірмандатты округте Тазабековпен саяси тайталасқа түссе, шаң қауып қалады. Әрине, таза, ашық, әділ сайлау өтсе...

Мұхамеджан Тазабековтің саяси әлеуетін Ақ орданың идеологы сезіп-біліп отыр. Тазабековті саясат аренасында «ойнату» керек пе, жоқ па? Тазабековтің электораты қозып кетсе, мұның арты не болады? Бұл Ақ орда үшін кесімді жауабы жоқ қиын сұрақ", деп жазды ол. 

"Қайрат Жолдыбай депутаттыққа түсейін деп жатыр кім айтты сізге, бұл ақпарат өтірік", "Мұхамеджан мәжіліске барса әйелдер туралы айтып, әріптестерінің миын ағызып жіберер көк қырт қой ол таза", "Қайрат Жолдыбай мен Мұхамеджанды салыстыруға болмайды. Қайрат - ғалым. Мұхамеджан діннің жолында қарадай жүріп адасып жүрген, дұрыс жолға енді түскен біреу ғой. Қалай оларды қатар қоюға болады?", деп жазды оқырмандар.