***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда қайырымдылық жасаушы бірлестіктерге саяси партиялар мен діни құрылымдарды қаржыландыруға тыйым салынады. Тіпті олардың өз мүліктерін осы екі бағыттағы ұйымдарға беруіне де шектеу қойылады. Парламент қарауға алған «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызметтер туралы» жаңа заң жобасында қатаң талап жазылып отыр. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау және қорғау мақсатында мемлекет осы қадамға барды. Кеше Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құжатты талқыға салды.
«Сонымен, жаңа заң жобасының 11-бабында былай жазылды: «Қайырымдылық бірлестігінің саяси партиялар мен діни бірлестіктерді қолдау үшін өз қаражатын жұмсауға және өз мүлкін пайдалануға құқығы жоқ». Бір қызығы, қалаулылар аталған тыйымды басқаларына да таратуды ойлап отыр. «Шет мемлекеттердің, шетелдік және халықаралық ұйымдардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтеусіз беретін қаражаты арқасында тек «қайырымдылық бірлестіктері» ғана өмір сүріп, қызметін жүзеге асырып отырған жоқ. Сондықтан бұл тыйым салуды басқаларға да - жеке қайырымдылық жасаушы тұлғаларға, демеушілер мен меценаттарға да қолдану қажет деп есептейміз!» деп депутаттардың ортақ ұстанымын білдірді Мәжілістің заңнама бөлімі. Үкімет өкілдері қарсы болмады.
Қазақстанда жақсылыққа жақын тұрар, ізгілік жасауға құштар жандар көп. Бірақ өкінішке қарай кейбір пысықай адамдар қайырымдылық қорларын баю мақсатында да құрады. Осыған тосқауыл қою тетіктері де ізделуде»,-деп жазады газет.
Мәселен, құрылтайшыларға және осындай ұйым басшыларына тіпті кәсіпкерліктен түскен табысты да өз қалтасына салуға жол берілмейтін болады: ол қаражат та бірлестік жарғысында жазылған қайырымдылық істеріне жұмсалуы тиіс! Осы жайында «Қайырымды болғысы келген министр кім?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымдағы «Көкейдегі сауал» айдарында «Шенеуніктерді мемлекеттік қызметке аларда психофизиологиялық тестен өткізу керек пе?» деген мәселе көтеріліп отыр. Бұл тұрғыда газет бірқатар мамандардың пікірін ортаға салған. Ахат Көрпешов, психиатр-дәрігер:
- Мемлекеттік қызметке қабылданатындарды психофизиологиялық тексеруден өткізуді баяғыда-ақ енгізу керек еді. Бас прокуратураның кешенді тексерулері нәтижесінде анықталған жағдайлардан кейін бұл мәселе заңдастырылатын шығар. Құқық қорғау органдарының емханасында жұмысқа жаңадан қабылданатындарды психиатриялық-психологиялық кешенді тестен өткізу тәжірибесі баяғыдан бар. Жұмысқа тұратындардың көбісі осы тексеруден өте алмай жатады. Ондайларды мемлекеттік қызметке қабылдай береді. Жалпы құқық қорғау органдарына қабылдағандай қатаң түрдегі тест жүргізбей-ақ, шенеуніктерді психофизиологиялық тексеруден өткізген дұрыс.
***
«Экспресс-К» газетінде «Тест за здравие» деген мақала басылды.
Инфекциялық індеттердің диагностикасы үшін Оңтүстік Қазақстанда Бауыржан Айтуов тест-жүйені жасап шығарды. Жас ғалымның айтуынша, оның зерттеулері нәтижесінде қол жеткізілген жүйе зертханалық қымбат зерттеулерді шалғайдағы ауылдық ауруханада да жүргізуге мүмкіндік береді.