«Қаламгер - Азамат» ІІІ республикалық жас тілшілер форумында бас қосқан журналистер, 2011 жылды - Қазақстан жастары жылы деп атауды ұсынбақ

Айта кетейік, 18-23 жас аралығындағы журналистерге арналған алғашқы форум 2008 жылы Алматы қаласында бастау алып, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына орайластырылып елордада жалғасқан болатын. Екінші форум 2009 жылы осы Астана қаласында «Жас патриоттар» атауымен өтті.

«Заңғар» шығармашылық бірлестігінің төрағасы Айдар Қырықбайұлының айтуынша, форумды өткізудегі мақсат, жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың кәсіби біліктілігін шындайтын, заманауи заңдылықтарды меңгеруге мүмкіндік туғызу болып табылады.

«Сондай-ақ, ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі салада қалам тербеуге, журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосу», - дейді ол.

А.Қырықбайұлының айтуынша, бұған дейінгі форумдарда көтерілген тың тақырыптардың нәтижесінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қазақ тілді журналистерді дайындауға мемлекеттік білім гранттарын 30 пайызға арттыру туралы Елбасының атына хат жолданып, бұл ұсыныс өз қолдауын тапқан.

Сондай-ақ ол, ІІІ форум барысында көтерілетін - қазақ баспасөзінің дамуы, телебағдарламалар мен жаңалықтар сюжеттерінің сапасы мен қазақ тілді интернеттің дамуы мәселелеріне қатысты айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар бойынша да нәтижелі істер атқарылатынына сенімін білдірді.

«Сонымен бірге, форумның соңында 2011-ші жылды - Қазақстан жастары жылы деп жарияланса деген тілектерімізбен Елбасының атына үндеу жолдамақпыз», - деді ол.