"Қаламқастағы" апат салдарынан қоршаған ортаға қандай зиян келді

"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның кен орнындағы апат фактісі бойынша тексеру барысында Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің жылжымалы зертханасы мен "Қазгидромет" РМК облыстық филиалы санитарлық-қорғау аймағының шекарасында Қаламқас кен орнының № 8237 ұңғымасының айналасы мен Каспий теңізіндегі атмосфералық ауаның, топырақтың және ілеспе судың сынамаларын іріктеп алды. 

«Атмосфералық ауаны зертханалық талдау нәтижелері бойынша апат орнында № 8237 ұңғыма ауданында келесі заттар бойынша концентрациялары анықталды: көміртек оксиді - 5 ПДК, күйе - 5 ПДК, метан - 50 ПДК, бұл апат нәтижесінде газдың бөлінуімен және оның жануымен байланысты» - деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, кен орнының санитарлық – қорғау аймағының шекарасында өлшеулер жүргізілді (СЗЗ-1 км). Зертханалық талдаудың деректері бойынша атмосфералық ауада ластаушы заттардың артуы мен жоғары концентрациясы анықталған жоқ. 

«Сонымен қатар, апат орнында ілеспе судың сынамасы алынды. Ілеспе судың талдау нәтижелері сульфаттар тұзының, хлоридтердің, азот тобының және мұнай өнімдерінің жоғары мөлшерін көрсетті» - дейді мамандар. 



Бұрын айтылғандай, жер бедеріне мұнай табылған жоқ, № 8237 ұңғымадан Каспий теңізінің қорғау бөгетіне дейінгі қашықтық 4,5 км құрайды, теңізге ілеспе судың түсуі мүмкін емес. 

2019 жылғы наурыздағы Каспий теңізінің теңіз суларының сапасына мониторинг жүргізу нәтижелері бойынша Бозашы түбегі ауданында ПДК-дан артық ластаушы заттар табылған жоқ. Теңіз суының сынамаларын талдау 29 көрсеткіш бойынша жүргізілді, оның ішінде басты иондар, биогенді, органикалық заттар және ауыр металдар. 

Қазіргі уақытта қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері белгіленіп, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның мердігеріне "СиБу "Инженерлік бұрғылау компаниясы" ЖШС-не тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Еске сала кетейік, 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды. 28 наурыз күні өрттің сөндірілгені айтылды.