"Қалың малы 3 000 000, ана сүтіне 1 000 000". Қазақ бүгін қалыңмалды қалай төлеуде?

Сонымен, қай жақтың қызына қандай қалыңмал беріледі екен? 

Алматы, Алматы облысы

Қалың мал бағасы: 1 миллион теңгеге дейін

Қалың малдан бөлек басқа аймақтардағы тәрізді қоржын, киіт кигізу жоралғылары орын алады. Көбінесе киіттің мөлшері мен сапа, сипатын екі құдағи алдын ала келіседі. Қанша жағалы киім, қанша алтын, күміс, көйлек- жаулық, шапан-шапқыт қажет екендігін сұрасып, біліп алады. Қазіргі кезде атаулы киіт, жағалы киімдерді бергенде құдағилар бір-бірінен бой өлшемдерін де (размер ) сұрап біліп жатады. Жалпы халық мұның еш айыбы жоқ деп есептейді.

Шымкент, Тараз, Қызылорда

Қалың мал бағасы: – 500 мың - 1 млн теңгеден көп

Түркістан облысы, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларының халқы салт-дәстүрді өте қатты ұстанады. Елдің аузында оңтүстіктегілер бойжеткендердің қалың малына Жоғарғы оқу орнында немесе колледжде оқығаны немесе орта мектепте ғана білім алғандары әсер етіп жататыны айтылады. Қалың малдың ең көп мөлшері осы өңірде берілгенімен, "алмақтың да, салмағы бар". Қыз жасауы да осы артынан алып келген қалың малға да сай болу керек екен.

Мысалға, 1 000 000 теңге апарып жатса тіпті одан асып түсіп жатса, үйге қажетті барлық заттар апаруы тиіс болады. Тағы да, айтатын жайт қыз жасауына су жаңа төрт мезгіл киім-кешек, аяқ киім, бет әрлеп бояйтын опа, далап, косметикаларына дейін апарып береді.


Шығыс Қазақстан

Қалың мал бағасы: – 400,000 теңгеден бастап

Негізі шығыста қалың малдың ақшалай берілуі сирек.Әдетте, екі жақтың келісімімен отбасылық жағдайларды ескере отырып, құдалық кәделері – өлі-тірісі, той малы (тойға арнап сойылатын мал) беріледі. Шығыс Қазақстандықтар қалың мал деп осыларды есептейді. 

Қалың мал берілмейтін аймақтар

Қарағанды аймағы мен Қазақстанның батысы Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларында қалың мал мүлде берілмейді. Алайда қыздың жасауына барлық тұрмысқа қажетті дүниелер, киім-кешектері енеді.