Қалың қарды тазалап үлгермеген Астананың жаңа әкімі сыналды

Шатыры қираған бұл үйдің тұрғындары түнде шошып оянып, далаға тұра қашқан. Алғашында ұйқылы-ояу жер сілкінді деп ойлапты. Кейін шатырларын ұйытқып соққан боранның ұшырып әкеткенін білгенде естерінен тана жаздаған.

Ержан Нұрекеев, Астана қаласының тұрғыны:

-Қатты тарсылдаған, гүрсілдеген желдің даусы шықты.Бір бомбалап жатқандай болды. Қатты бораннан сол. Далаға  қарай шықтым,жел алдым. Тас кірпіш түгел аударып өтті былай қарай. Содан далаға жүгіріп шықтым. Біреудің басына түспесін деп.

Құдай сақтап ешкім зардап шекпеген. Тұрғындар әкімдіктен қайыр болмағасын, құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болыпты. Олар қаңылтырды арнайы құрылғымен кесіп, жерге түсірді. 50 жылдан бері жөндеу көрмеген 5 қабатты тұрғын-үйдің төбесін жұрт өз күштерімен жақында жауып алған екен. Бұл жолы қалталары көтермейді. Сондықтан жыларман күйге түсіп жаңа әкімнен көмек сұрап отыр.

- Қазір жаңа әкім келді. Бұрынғысын сыйлап жақсы көретінбіз. Жаңа әкімнен мына шатырды жөндеп беруін сұраймыз. Адам өміріне қауіп төніп тұр. 

Жаңа әкім демекші, бүгін Әділбек Жақсыбековтың сыналған күні болды. Астана қаласының су жаңа әкімі, алғашқы қалың қарға төтеп бере алмады деп өпкесін айтушылар көп. Себебі түнімен жауған қарды коммуналдық мекемелер тазартып үлгерген жоқ. Тіпті әншейінде жалтырап жататын Есілдің сол жағалауын қар басып қалған. Басты даңғылдарды  аршып үлгермегені соншалық, ақ ұлпаны жол жиегіне үйіп кетіпті. Осының кесірінен таңда басталған ұзын-сонар көлік кептілісі түске жақын әзер тарқады. Ал коммуналдық мекемелер бар кінәні жүргізушілердің өздеріне жауып отыр.


Алтын Нұржұман, «Астана тазалық» мекемесінің өкілі:

-Көліктерді жол жиегіне тастап кетіп қалады. Бұл қар тазартатын техникаларға кедергі келтіруде. Ал біз күтілмеген қардың толассыз жауғанына қарамастан, жолдарды  уақытылы аршуға  барыншы тырысып жатырмыз.

Жағдайды ушықтырып отырғаны,  Астанаға бір түнде жарты айдың қары жауған.Жолдарды аршу үшін800-ге жуық техника көшелерге жіберілген. Бірнеше сағаттың ішінде 7 мың текше метр қар шығарылыпты. Қар тазартылар, ал дүлей бораннан шатыры қираған мына үйдің тұрғындары шығындарын кімнен өтерін білмейді.

-Қазір  Астананың   коммуналдық мекемелері  күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп күні-түні жұмыс істеуде. Бірақ оларға  әлі бірнеше тәулік бойы терлеуіне тура келеді. Себебі синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Алдағы үш күнде Елордада, қар қалың түсіп, боран болады. Ал қар тазалаушылар тек Есілдің сол жағалауын емес, шеткі көшелерді де ақ ұлпадан уақытылы  аршуға тырысамыз деп уәде етіп отыр.