"Полиция мені абақтыдан босатып, үйіме жеткізіп тастады. Не болып жатқанын өзім де түсінбей қалдым" деді Отаханов Reuters агенттігіне.
"Олар [полиция - ред.] үйімнің есігін қаққан кезде мені расымен босатқанын түсіндім. Отбасым қатты қуанды" деді жазушы.
Отахановтың ұлы Файзулин Отаханов Facebook-те әкесін үйіне Ташкенттің Яшнабад аудандық полиция басқармасының бастығы жеткізіп тастағанын айтты.
Нурулло Отаханов полиция өзін не үшін босатқанын, я өзіне қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны жайлы айтпағанын хабарлады.
Бірақ өзбекстандық Kun.uz вебсайты Ташкент қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Дониор Ташкожаевқа сілтеме жасап Отахановтың терроризмге қатысы бар болуы мүмкін деген күдік расталмағандықтан қамаудан босатылғанын хабарлады.
Бұған дейін Отахановтың әйелі Гүлнара Отаханова күйеуінің Түркияда жүріп жазған "Бу кунлар" ("Осы күндер") кітабы үшін қамалғанын хабарлаған. "Дін істері жөніндегі комитет сарапшыларының қорытындысында "Бу кунлар" кітабы экстремистік идеяны насихаттаушы әбедиет деп танылғаны айтылады. Заңгерлер тәуелсіз сараптама қорытындысы қажет екендігін айтты" деген Отаханова.
Жазушы кітабында Өзбекстанның тәуелсіздік жылдарындағы дамуын, елдің алғашқы президенті Ислам Каримов құрған авторитарлық режимді сынаған.