Өңірге сапары аясында депутат Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Искалиевпен бірге бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысанның қызметімен танысты, деп хабарлайды Caravan.kz мелиа порталы fnn.kz-ға сілтеме жасап.
Сапар Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанындағы ерекше қажеттіліктері бар «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығын аралаудан басталды.
Жаңа орталық жылына 600-ге жуық баланы қабылдайды. Мұнда бірқатар қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, дәрігерлер кеңесі, механотерапия, емдік дене шынықтыру (кинезотерапия), сенсорлық және интерактивті бөлмелерде логопедтердің, дефектологтардың, психологтардың, эрготерапевтердің сабақтары, бальнеотерапия, физиоемдеу және т. б.
Аймақтарда мұндай орталықтар ашу Елбасының бастамасы бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 8 орталық бар. Жыл соңына дейін тағы 10 орталық ашылады.
- Біз оңалту орталығына өте ризамыз. Жыл он екі бойы осында келеміз. 8 жастағы ұлыма бәрі ұнайды. Ол ерекше ынтамен жаттығады. Жыл сайын Елордаға оңалтуға барамыз. Бірақ, бұл жер де жаман емес. Барлығы өте мейірімді, жауапты. Ұлыма бұлшық етті қатайту мен психологиялық жаттығу ұнайды. Қазір белсенді түрде айналысады, - дейді Янайкино ауылының тұрғыны Гүлсезім Батырғалиева.
Инклюзияны қолдаудың 16 кабинетін құру - Елбасының тағы бір бастамасы, бұл игі істің БҚО-дағы аяқ алысымен Дариға Назарбаева танысты. Инклюзияны қолдау кабинеттері Орал қаласының №5 жалпы орта білім беретін мектебінде және Теректі ауданы Подстепное ауылының №1 Подстепное орта мектебінде орналасқан.
Инклюзия кабинеттерінде ерекше қажеттіліктері бар балалар сыныптастарымен бірге мектепте оқуға мүмкіндік алады, логопедтердің, дефектологтардың және психологтардың үнемі бақылауында болады.
Дариға Назарбаева оңалту орталығы мен инклюзияны қолдау кабинеттерін аралай келе, «Қамқорлық» бастамасын іске асырудың арқасында жылына 21 000 бала үшін оңалту және кәсіби қызмет алудың мүмкіндігі туғанын атап өтті. Орталықтардағы және инклюзияны қолдау кабинеттеріндегі жаттығу балалардың толыққанды азамат болып қалыптасуына өз септігін тигізеді.
- Инклюзияны қолдау кабинеттерінің арқасында ұлым материалды жақсы қабылдай бастады. Логопод-дефектолог үлкен көмек көрсетті. Кәдімгі сыныпта оқып, инклюзивті білім беру кабинетіне барамыз. Ассистент қолдан келгенше көмегін аямайды, - дейді мұнда келуші баланың анасы Шолпан Қапатова.
Сонымен қатар, сапар аясында Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетінің «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми-өндірістік орталығы жанындағы жануарларға арналған клиника, Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы, заңгерлік көмек көрсетіп, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жұмысқа орналасуға көмектесетін, жеке дағдыларын дамыту бойынша тренингтер өткізетін «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығына да ат басын бұрды.