"Қамқорлық" балаларға берері мол жоба!

Еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған оңалту орталықтары ерекше қажеттілігі бар балалардың дамуына септігін тигізеді. Бұл түрлі тиімді әдіс-тәсілді қолданып, тегін кешенді оңалтуға мүмкіндік беріп отыр. Соның бірі Өскемендегі биыл 1 маусымда ашылған «Үлбі» аутизмі бар балаларға арналған «Қамқорлық» орталығы.

«Ерекше қажеттілігі бар балалардың атын айтып, шақырсаң келмейді, көзіңе тура қарамайды. Егер атын айтқанда қараса, біз үшін үлкен жетістік. Бүлдіршіндерді оңалтуда қазір кеңінен тараған АБ терапиясы әдісін қолданамыз. Бұл ән айту, сөйлеу т.б. қасиеттерді жан-жақты дамытады», - дейді «Қамқорлық» орталығының емдік дене-шынықтыру нұсқаушысы Аида Серікова.

Серікованың айтуынша, балалармен жұмыс істеген ұнайды, бүлдіршіндер үш тілді меңгерген. Орталықта мінез-құлықты түзету әдістемесіне негізделіп, тиімділігі дәлелденген АВА терапиясы бойынша балалармен жұмыс жүргізіледі. Баланы дамыту бағдарламасында дефектолог, логопед, психолог, кәсіби терапевт, жаттығу терапиясының нұсқаушысы дәріс береді.