"Қамқорлық" орталығында ерекше балалардың жетістігі мол

Тар құрсағын кеңітіп, тоғыз ай көтеріп дүниеге әкелген баласының дені сау, ақыл-есі дұрыс болып, қатарынан қалмағанын әрбір ана қалайды. Алайда кей балалар туабітті ерекше күтім мен қамқорлықты қажет етеді.

Бұл ретте, дамуында ауытқушылығы бар балаларға «Қамқорлық» орталықтары көмектеседі. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2019 жылдан бері қолға алынған инклюзияны дамыту жөніндегі «Қамқорлық» жобасының талай баланың өз аяғымен жүруіне, қатарға қосылуына атсалысып келеді.

9 жастағы Лаянның анасы Самурадова Жанар «Қамқорлық» орталығына келгелі қызының денсаулығы жақсарғанын айтады.

«Қызымның диагнозы – артрогрипоз. Бұл негізі дер кезінде буындар мен бұлшықеттер дамымағандықтан пайда болатын ауру. Жалпы, қызымның психикалық ауытқушылығы тым күрделі емес. Шамалы артта қалушылық бар. Қазір аздап дамып келеді. 2021 жылы біз Түркияға барып, Лаянның жамбасына операция жасатып келдік. Содан бері «Қамқорлық» орталығына келіп жүрміз.

Бұл орталыққа келгелі бері қызым аяғына тұрып, арнайы аппараттар арқылы жүруді бастады. Алға қадам басады. Қазірдің өзінде нәтижесі жаман емес. Одан басқа, психолог, дефектолог мамандардың көмегіне де жүгінеміз. Біз үшін бір әріпті айтудың өзі үлкен проблема болды. Бүгінде жазады, оқи алады. Бір жақсысы, әдеби кітаптарды, ертегілерді оқып жүр», – деді Лаянның анасы Самурадова Жанар.


Лаянның орталық мамандарына бауыр басып кеткені сонша, үйінде жүргенде «Қамқорлық» мамандарын сағынады екен.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда ерекше білім алу қажеттілігі бар 153 мың бала бар. Сол себепті инклюзивті қоғамды дамыту – мемлекет пен қоғам алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі. Ал еліміздің түкпір-түкпірінен ашылған, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған «Қамқорлық» оңалту орталықтары ерекше қажеттілігі бар балалардың дамуына мол мүмкіндік беріп отыр.