Қанат Әлжаппаровтың әйелі: Күйеуімнің сымбатты болмағанына шүкір деймін

Ол бұл туралы "Жұлдыздың жары" бағдарламасына берген сұхбатта айтып берді, деп хабарлайды  Caravan.kz медиа порталы. 

"Ол өзін айнаға қарап тұрып: "Мен әдемімін, сұлумын", деп көп айтады. "Шынымен сұлу болып көрінесің бе?" деп сұраймын. "Иә" дейді. Жақсы көремін ғой, бірақ қатты "красавчик" деп айта алмаймын. Сымбатты болмағанына шүкір деймін, себебі ол кезде қызғанып жүретін едім", –  деді Нұргүл Құдайбергенова. 

Қанат пен Нұргүл  – екі ұл, үш қыздың ата-анасы. Үйдің кенжесі 2021 жылы дүниеге келген. Ұзақ жылдардан бері декреттік демалыста отырған Нұргүл мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Үйде отырғанына қарамастан, күйеуі өзгеге кетіп қалады деп қорықпайды. Себебі "Фигурасы болса да, сөзімен, ісімен күйеуін жоғалтып алатын әйелдер болады. Мен жолдан шаршап келгенде проблемаларды айтпаймын. Әбден ұйқысын қандырып, тамағын жеп болған соң, өзі сұрай бастайды", – деген Нұргүл бір кездері Қанаттың әзіліне ғашық болғанын атап өтті. 

"Қазіргі түріне ғашық болуға болады. Толып, ағарып, түр-әлпеті кіріп қалған. Арық кезінде қайдам енді. Көбісі "соқыр болғансың ба?" деп сұрайды", – деп күлді Нұргүл. 


Бұдан өзге, Әлжаппаровтың жары тоқал алуға деген көзқарасын білдірді. 

"Шын мәнінде шариғат бойынша жүрсе, қарсы болмас едім. Бірақ қазір көбі тоқалды мақтаныш, бәсеке ретінде алғысы келеді. Көбісі түсінбейді. Тоқалдыққа жесір, баламен қалған немесе кәрі қыздарды алады. Қазір ондай жоқ қой. Жаны ашып, жесір қалған әйелді алам десе, қарсы болмас едім", – дейді Нұргүл.