Бұл жолы жерлесіміз он раундқа жоспарланған кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, колумбиялық боксшыны техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
«Қазақ» лақап атымен әлемдік кәсіпқой бокста таныла бастаған Қанат Исламның бұл шаршы алаңдағы 21-і кездесуі болатын. Ол бұған дейінгі жиырма кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, оның 17-ісінде қарсыластарын нокаутпен сұлатқан еді. Енді нокауттер саны 18-ге жетіп отыр, соның ішінде жерлесіміз қатарынан алты кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.
Қанат Исламның қарсыласына келсек, колумбиялық Хуан Де Анхель 2008 жылдан бері кәсіпқойлар арасында жекпе-жектер өткізіп келеді. Шаршы алаңдағы 22 кездесуінде біреуін тең нәтижемен аяқтап, 18 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Бүгінгі нокаутты қоса алғанда төрт рет қарсыластарына есе жіберді. Екі боксшы да АҚШ-та жаттығады әрі екеуі де «Nelson Lopez Jr» промоутерлігінің боксшылары болатын.
Қанат Ислам бұған дейін 9-мамыр Жеңіс күніне орай жерлестері мен жанкүйерлеріне тағы бір «нокаутпен» сыйлық жолдайтынын айтқан болатын. Ол уәдесінде тұрды. Жеңіс құтты болсын, ағайын!