WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы, бірінші орта салмақтағы Қанат Ислам (22-0-0, 18 КО) бразилиялық Робсон Ассиспен болған жекпе-жекке қатысты ойымен бөлісті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті Қазақ елі, қазақстандықтар! Сіздерге алғысым шексіз. Екі телеарнадан менің жекпе-жегімді көрсетті, соған қуаныштымын! Бұл жекпе-жек, өздеріңіз көрдіңіздер, бірінші раундта аяқталды. Өйткені бірінші раундта жарақат болғаннан кейін, маған бірден бұл жарысты аяқтау керек болды, себебі екінші раундта жұдырықтасуды тоқтатып жіберу де мүмкін еді. Сондықтан бірінші раундта барымды салып, аяқтатуға тырыстық. Барлығы біздің команданың жоспарлағанындай болды», - деді ол Робсон Ассиспен өткен жекпе-жектен соң берген сұxбатында. Айта кетейік, бүгін Уилмингтон қаласында (АҚШ, Делавэр штаты) WBO Intercontinental және WBA Fedelatin тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы, бірінші орта салмақтағы Қанат Ислам (22-0-0, 18 КО) мен бразилиялық Робсон Ассис (17-4-0, 9 КО) арасында кездесу өтті. Бірінші раундтың басында Қанат Ислам қабағын жарып алды. Дегенмен абырой болғанда, Қанат қарсыласын екінші раундтан асырмай, бірінші раундтың соңында сұлатып салды. Боксшылардың кездесуі кіші Рой-Джонстың бокс кешінің аясында өткен болатын. Бұл әлемге «Қазақ» деген атпен танылған Қанат Исламның кәсіпқой рингтегі 23-ші кездесуі. Қанат осыған дейін 22 кездесуінде жеңіске жетіп, оның 18-ін нокаутпен аяқтаған.