Алғашқы орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық Қанат Исламның (25-0, 20 КО) емделуіне қатысты мән-жай белгілі болды, - деп хабарлайды Vesti.kzспортшының командасына жақын мәлімет көзіне сілтеме жасап.
Еске салайық, Қанат Ислам WBO NABO және WBA-NABA белбеулері үшін канадалдық Брэндон Кукты (20-2, 13 КО) нокаутқа түсіргеннен кейін рингке шыққан жоқ. Жекпе-жек 2017 жылдың 9 қыркүйегінде өткен еді.
"Ислам үш апта реабилитациялық орталықта емделеді. Былтыр жаздағы спарринг кезінде аяғы тайып кетіп, сіңірін үзіп алған. Мұндай ұзақ емделеді.
Дәрігерлер қазір Исламға бірден реабилитация жасау керек болғанын айтады. Ол біраз жүріп қалған. Осы уақытқа дейін сол аяғының бұлшық еті бүріліп, кішірейіп кеткен. Енді осы аяғының сіңірін жазып, бұлшық етін де өсіру керек. Бәрі сәтті болып жатса, рингке екі-үш айдан кейін шыға алады. Исламның өзі мамыр айында АҚШ-та жұдырықтасқысы келеді", - деп атап өтті мәлімет көзі.
Мұның алдында америкалық boxrec.com сайтында қазақстандық боксшының "белсенді емес" екені көрсетілгеніне байланысты боксшы карьерасын тоқтатты ма деген сұрақтар туындаған. Алайда WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулерінің иегері бұл ақпаратты растамады.