"Құрылыс саласындағы рұқсат құжаттарын беру мерзімі түбегейлі қысқартылды. Бүкіл әлемде байқалып отырған жаһандық дағдарысқа қарамастан біз халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастырып отырмыз. Өздеріңізде білетіндей, менің тапсырмаммен ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы орташа 28 пайызға, білім саласында 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау 40 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар жыл басынан мүгедектік бойынша берілетін әлеуметтік жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы және шәкіртақы көлемі 25 пайызға көтерілді. Қаңтар келді. Бұл адамдарға жеткен де шығар деп ойлаймын. Солай ма? Құттықтаймын", - деді ҚР Президенті.
Елбасы жыл басынан бастап ынтымақты зейнетақы инфляциядан алдын ала 2 пайызға индексацияланғанын, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 пайызға өскенін айтты.
"Осылайша, бізге де әсері тиіп отырған әлемдік дағдарысқа, экспорттық өнімдеріміздің бағасының құлдырауына, бюджет өз кірісінің шамамен 40 пайызын алмауына қарамастан халыққа берген уәдемізді орындаймыз", - деді Н.Назарбаев.