Қаңтардағы ҰБТ: Тест тапсырғандардың 17 пайызы шекті балл жинай алмады

Бұл туралы «ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп  хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2023 жылы 123 мыңға жуық үміткер қаңтардағы Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Түлектердің 77%-ы қазақ тілінде, 23%-ы орыс тілінде, 91 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. ҰБТ басталғалы шекті балды 83%-ға жуық талапкер жинап, 21 мыңнан астамы (17%-ы) шекті балл жинай алмады, - деді Емелбаев. 

Оның айтуынша, ҰБТ орташа балы 76 балл. Ең жоғары балл – 139.

Тестіленушілердің ең көп таңдаған комбинациясы - «Математика-физика» (19%). Тапсырушылардың 18%-ы «Биология-химия» комбинациясын таңдаса, 10%-ы шығармашылық емтиханды таңдаған. IT бағыттарға түсуге қажетті жаңа «Математика-информатика» комбинациясын ҰБТ-ға қатысушылардың 10%-ы тапсырған, - деді Руслан Емелбаев.


Орталық директоры «Математика-информатика» комбинациясы техникалық мамандықтардың ішінде ең көп сұранысқа ие IT бағытына тікелей қатысты екенін атап өтті.