Қант диабетіне шалдыққандар инсулинсіз қалды

Қауіпті дерттің шырмауына түсіп қарттығында қажыған науқас Нина әжей күндіз күлкіден түнде ұйқыдан қалған. Сексеннің сеңгіріне шыққан ол есепте тұрғанымен жыл басынан бері тегін таратылуы тиіс инсулинді таппай дал. Қазір қарияның қолында үш тәулікке жететін дәрі бар. Тегін инсулиннің иісі де шықпайды көкжиектен әлі. Ал уақытында емін алмаса науқастың ертеңгі таңды атыруы екіталай. Сырқат аяғын сылтып басып аурухана табалдырығын тәуліктеп тоздырғанмен, медет болмай тұр.

Нина Бадикова, зейнеткер:

-Дәрігер медициналық кітапшамды қарап инсулин жоқ деп қайтарып жіберді. Оның орнына басқа дәрі-дәрмектерді ұсынады. Бірақ олардың маған еш пайдасы жоқ. Инсулинім екі-үш күнде таусылады. Ішімде жатсам-тұрсам тек қорқыныш.

Ал әлеуметтік деп айдар тағылған дәріханалар дәл осы үрейлі жандарға тегін инсулин таратуы тиіс. Бірақ олар да қол жайып отыр. Қайсысына болсын бас сұғып инсулин бар ма деп сұрасаңыз?

-Сатылымда жоқ, бізде болмайды.

-Дерттеріне дауа болар дәрі-дәрмек таппай шақша бастары шарадай болған науқастар қазірде ауруханаларды сағалап, дәріханаларды жағалап жүр. Өйткені жылдағыдай жағымсыз дағды, жыл басында дәріханалардан тегін үлестірілетін инсулиндер атымен жоқ. Тек тегіндері табылмағанмен теңгеге саудаланатындары толып тұр. Бірақ бағалары батпандай. Алайда барар жер басар таулары қалмаған науқастар құны қымбат дәрі-дәрмектерді өз қалталарынан айлап сатып алуға мәжбүр.

Расында тегінін тастап қолма-қол қаржыға сұрасаңыз еліміздегі 50 мың науқас мұқтаж боп қолы жетпей отырған инсулиндер сөреге қаз қатар тізіліп шыға келеді. Ал қант диабетіне шалдыққан жандарды қанатының астына алған қоғамдық ұйымдар бұл шенділердің жауапсыздығы деп іреп салды.


Ләйла Жұбандықова, ҚР Диабетиктер қауымдастығының президенті:

-Денсаулық сақтау министрлігі инсулин қабылдайтын жандарды атүсті емес жөндеп жыл соңында есепке алуы керек. Өйткені жыл сайын науқас саны артып бара жатыр. Бізге ескі есеппен дәрі береді. Ал әлеуметтік дәріханаларда қосымша қор мүлдем жоқ.

Дертіне дауа таппай сең соққан балықтай сенделген жандар енді айлап ақшаларын рәсуа қылып қымбат инсулинді өздері сатып алуға мәжбүр. Әйтпесе арты қауіпті. Ал министрлік болса есеп-қисабын түгендеп барып науқастарға назар салмақ.