"Туристік орталықты Қапшағайда дамыту Бас жоспары аяқталу кезеңінде және инвесторларды тарту бәйгесін жариялау туралы шешім қабылданып қойды. Қазір аталған мәселе зерттелу үстінде", - деп хабарлады Қ. Өскенбаев.
Тілшілерге берген сұхбатында ол инвесторларға беру көзделіп отырған алғашқы жер телімі анықталып қойғанын жеткізді. Сонымен бірге Қайырбек Өскенбаев бәйге дәстүрлі тендерлік схема бойынша жүргізілмейтінін атап өтті.
"Біз инвестициялық жобаларды қарастыруға дайынбыз. Бұл үшін осы жер телімінен үміткер инвесторлар нақты жоспарлауларын, өздері бізге ұсына алатын қажетті инвестиция көлемін көрсетулері керек. Яғни, бұл бюджеттен ақша, мысалы, миллиард теңге бөлініп: "Міне біздің миллиардымыз. Бұл жерде жұмыс істеуге кім дайын", - деген сипаттағы дәстүрлі бәйге емес. Біздің айтарымыз: "Міне біздің жер. Сіздер біздің концепцияларымыз бен идеологиямызды білесіздер. Өз жоспарларыңызбен және қанша ақша құюға дайын екендіктеріңізді айтып келіңіздер", - деді ол.
Сондай-ақ, Қайырбек Өскенбаевтың мәліметіне сүйенсек, Щучинск-Бурабай демалыс аймағын дамытудың бас жоспары қазірде аяқталған. Қазіргі уақытта келісім және экологиялық сараптама жүргізіліп жатыр.
"Кендірлі" демалыс аймағын дамыту үлгі-жоспарын таныстыру барысында вице-министр бұл жобаның аймақтық бағдарламаларды дамыту аясында іске асырылып жатқандығын атап өтті. Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, жобаны қаржыландыруға қазақстандық компаниялармен қатар шетел компаниялары да қызығушылық танытып отыр.
"Үлгі-жоспарды Маңғыстау облысы әкімшілігінің және Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен "МаңғыстауМұнайГаз" және "ҚазМұнайГаз" компаниялары қаржыландырды", - деді Қайырбек Өскенбаев.
Оның ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда екі бес жұлдызды қонақ үй салынатын жер бөлініп те қойылған. Сонымен бірге, Қайырбек Өскенбаев қазақстандықтармен қатар, шетелдік бизнестің де жеке инвестицияларын тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Роза Асанбаеваның ақпаратына сүйенсек, "Кендірлі" демалыс аймағын дамыту жобасын жүзеге асыру үшін 2,3 млрд $ инвестиция қажет. Оның ішінде, 600 млн АҚШ доллары инженерлік инфрақұрылымды тарту үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Оның айтуынша, сонымен қатар, инженерлік коммуникациялардың алғашқы 50 пайызы 2008 - 2010 жылдары іске қосылады. Сондай-ақ, демалыс аймағынан 20 шақырым және Жаңаөзен қаласынан 50 шақырым жерде жаңа әуежай салу жоспарланып отыр.
"Кендірлі" демалыс аймағын дамыту жоспарын Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым жердегі Кендірлі бұғазында жүзеге асыру жоспарланған. Бұл үшін аумағы 1700 га болатын жер телімі бөлінген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті