Қырғыздың Ыстықкөліне бергісіз Қапшағай! Табиғи көл болмаса-дағы бүкіл елге танымал алматылықтардың сүйікті демалыс орыны. Бірақ, қазіргі Қапшағайдың жағдайы мүшкіл. Жағасының барлығы, мінекей, мынадай жаз бойы жиылған қоқысқа бөгіп қалған.
Қазіргі Қапшағай,көрсе, кісішошырлық. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Құмында да, суында да тамақ қалдықтары жатыр.
Ақтоты Таңманова, демалушы:
-Осы жаз басталғалы бері біз қанша мәрте келдік, әлі бір рет те тазаланғанын көрген емеспіз. Үнемі қоқыс. Таза жер іздейміз, бәрі таза жер іздегісі келеді. Бірақ мұнда барлық жері осындай болып жатады. Ыбырсық, қоқыс қоқыс, мусор жатқан жердің бәрі.
Жұрт қоқыс жәшіктерінің жанында жатып күнге қыздырынған. Иісі қолқаны жаратын үйінділердің арасында тамақтанып, осы судың маңайында дәрет те сындырып жүр.
Қарлығаш Мұстафаева, демалушы:
- Бұл жерде дәретхана жоқ, мысалы. Кішкентай балалар бар, үлкен кісілер бар. Өзіңіз білесіз дәретхана керек әр жерге. Ол өте біртүрлі екен...
Ал Қапшағай қаласының тұрғыны Олег жергілікті шенеуніктерге мәселені айта-айта әбден шаршапты. Енді өзі күнде жағалауды аралап, демалушылардан тамақ қалдықтарын тастамауды өтініп жүр.
Олег Костюков, Қапшағай қаласының тұрғыны:
-Жағалау кісі танымастай болып өзгеріп кеткен. Қоқыс полигонына ұқсайды. Иісі алыстан мүңкіп жатыр. Бірақ Қапшағайға жаны ашып қарап жатқан бір адам жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, мұнда келушілер сап тыйылады, ешкім шомыла алмай қалады.
Қапшағай көлікті тегін жуатын жерге де айналған. Күнделікті кіріп шыққан көлік суға бір түспей кетпейді екен. Ал жағалауды жалға алғандар тек кіру ақысын талап етумен ғана отыр.
Жалға алушыларға «қой» дейтін қожа жоқ. Жергілікті шенеуніктердің көбі демалыс алып, жан-жаққа кетіпті. Сірә, олар әлдеқайда таза жерлерде демалып жатқан болар.