Қақаған қыстан құтылудың амалы

Эрендейл патшалығындағы жайма-шуақ күндер сәуегейлердің айтқанындай қақаған қысқа ауысып жұрттың зәресін алады. Жасыл желек, гүлденген бақтар мен тіршілік атаулының барлығы қалың қар астында қалып, жаздың жылы лебі бір сәтте-ақ жоқ болады.

Ел басына түскен осы қарғыстың күшін жойып, құстардың үні мен гүлдердің иісін қайта сезу үшін сапарға Анна ханшайым аттанады. Қарлы тау мен шексіз жазықтан өтетін жолда оған ержүрек Кристофф пен Свен есімді көңілді бұғы серік болады. Аяқ астынан келген қыс олардың да жоспарын бұзған көрінеді.

Қайсар кейіпкерлер сиқырлы күш иесі Эльзаны іздеп табуы тиіс. Эверестен де биік шыңдарды артта қалдырып, жол жөнекей құбыжықтармен арпалысқан топқа Олаф атты аққаланың көмегі де тиеді.

«Салқын жүректің» сценарийі Ганс Христиан Андерсен ертегісінің желісінде жазылған. Бірақ фильм сюжеті түпнұсқасынан өзгеше болғандықтан тек балғындардың ғана емес ересектердің де көңілінен шығуы керек.


Қызықты әрі күлкілі мультфильм бүгіннен бастап еліміздің барлық үлкен экрандарына шығады. Оқиғаның соңы немен аяқталатынын білгіңіз келсе, кинотеатрға асығыңыздар!