Шектеудің тағы ұзарғаны әсіресе темір-терсек қабылдайтын компаниялар үшін қолайсыз болып отыр. Қара металлды Қытай асырып, қыруар пайда тауып жүрген кәсіпкерлердің былтыр желтоқсаннан бері қолдары байлаулы. Өйткені, ішкі нарықта баға төмен. Ол әрине кәсіпкерлердің көңілінен шығып отырған жоқ. Жалпы темір-терсек саудасын қыздырып отырған ірі орталықтар бір ғана Астананың өзінде жүзге жетіп жығылады екен.
Шынкаркин, темір қабылдайтын орталық директоры:
-Жұрт қара металлды қолында ұстап отыр. Баға көтерілсе дереу сата қоямыз дейді. Былтыр осы жерге темірін өткізіп келгендер көп еді. Биыл оған зар болдық. Экспорттың бізге пайдасы емес, зияны тиіп жатыр. Тіпті, жұмысшылардың жалақысын әрең төлейтін халге жеттік.
Ал түскен бағаға биліктілегілер дән риза. Олар бұрын шетелге қымбат бағаға сатылған қара металл енді отандық кәсіпкерлерге қолжетімді болады дейді. Сәйкесінше, ішкі нарықтың сұранысы толық қанағаттандырылуы тиіс. Темірді шетке шығаруға тосқауыл қою керек деп Парламент мінберінен қайта-қайта Үкіметке сауал жолдаған Уәлихан Бишімбаев бұл шектеуден пайданы өзге емес, өзіміз көреміз деген пікірде.
Уәлихан Бишімбаев,Мәжіліс депутаты:
-Мысалы, олар Қытайға сатады, Еуроодаққа сатады. Өзбекстанға сатады. Біз сол металлды ертең тауар ретінде аламыз. 5-10 есе қымбат ретінде. Егер біз металлдың бәрін сата берсек, онда біз өзіміздің өндіріс еш уақытта өңбейді, дамымайды. Өйткені, шикізат керек қой.
Алайда, отандық кәсіпкерлер шенеуніктердің елімізде темір жетпей жатыр деген сөзіне сене алар емес. Бағаны түсіру үшін істеп отырған әрекет деп санайды. Ал құзырлы министрлік болса, бұл сала стратегиялық шикізат болғандықтан бюджеттің бүйірін толтырады деген сенімде.
Бақтыбай Қасымбеков, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Өнеркәсіп комитетінің төрағасы:
-Осы салаға - өңдеу саласына инвестиция ынталандыру мәселесі де қаралып отыр. Кәсіпкерге мынау жәй ғана металл сынығын өткізуге қарағанда оны өңдеп, оны жоғарғы бағалы тауар ретінде сату, арматура есебінде, темір құбырлары, не теміржол релстері, тағысын тағы осы металдарды өңдеп, тауарлар шығарып сатса, әлдеқайда тиімді.
-Елімізде жылына 800 мың тоннаға жуық қара металл экспортқа шығарылады. Бюджет бұдан пайда емес, бақандай 13 млрд теңге зиян көрген. Мұны депутаттар есептеп шығарып отыр. Сондықтан вагон-вагонымен сыртқа кететін темір-терсек экспортына шектеу қою 3 айға ғана емес, тағы 1 жылға созылуы мүмкін.