Қарағанды фитохимия институты қатерлі ісік дертіне қарсы препарат өндіруге арналған бағалы дәрілік шөп шикізатын дайындап бітірді

Қазақстанның орталық аймақтарында өсетін жылмағай жусан қатерлі ісік дертіне қарсы қолданылатын Арглабин препаратын шығаруда қолданылады. Бұған дейін табиғи жағдайда өсіп келген бағалы өсімдікті институт қызметкерлері таяудан бері Березняк өнеркәсіптік -тәжірибелік шаруашылығында арнаулы плантацияларда өсіруде.

Фитохимия институтынан хабарлағанындай, биыл Арглабинді ампула және таблетка түрінде өндіретін фармацевтикалық зауыт іске қосылуға тиістігіне байланысты жылмағай жусанды өсіретін алқап ауқымы біршама өсірілді. Жалпы алғанда 15 тоннадай шөп жиналды. Мамандардың айтуынша, осыншама шөптен өңдеуден кейін 6 тоннадай шикізат алынады. 10 кило шикізаттан 30 грамм Арглабин субстанциясы өндіріледі.
Жобалық қуаты жылына 2 млн. ампула Арглабин өндіруге арналған фармацевтикалық зауыт биыл пайдалануға беріледі.