"Шұғыл ақпарға сәйкес барлық шахталарда жұмыс жанданды, көмір өндіріліп жатыр. Кәсіподақ ұйымы 7-қазанда митинг өткізу жөніндегі сұранымын кері қайтарып алады",- деді В.Сидоров.
Бірақ бүгін таңертең Шахтинск қалалық әкімшілігінің алдындағы алаңда 300-дей кенші жиналды. Олар келісім комиссиясының кешегі шешімімен келісе алмайды. Түске таман құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері жұмысшылардан тарауды сұрады. Кеншілер қарсылық білдірген жоқ, бірақ олар өздерінің сөзімен айтсақ, "тістеніп жұмысқа кірісуден өзге амал таппай отыр".
"Адамдарды қазір жұмысқа тарту оңай емес. Қол қойған келісімге барлығының бірдей көңілі толып отырған жоқ",- деді бұл жайтқа түсініктеме берген кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Оның айтуынша, инвестор ендігі жерде қауіпсіздік мәселесінен ақша аямайтын болады. "Қолайлы жағдай жасап берсе, жоспарды орындатады. Ал жасай алмады екен - онда өзі ұтылады. Қандай жағдайда да бесінші дәрежесі бар жер асты жұмысшысы орта есеппен 90 мың теңге алатын болады. Бұған көңілі толмайтындар табылатыны анық. Бірақ біздің басты мақсатымыз - шахталардың қалыпты жұмыс істеуіне қол жеткізу",- деді кәсіподақ ұйымының жетекшісі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті