Прокуратура төлемді қымбаттату жөніндегі шешімнің заңдылығын тексеріп, әкімшіліктің іс-әрекеттеріне құқықтық баға бермекші. "Бізге белгілі мәліметтерге сәйкес, студенттермен арадағы оқыту жөніндегі келісім-шарты бүтін оқыту мерзіміне жасалған, алайда, жазғы сессияның алдында ғана жоғарғы курс студенттерінен бастап барлық студенттерді жаңаша келісім-шартына қол қоюға мәжбүрлеуде",- деді облыстық прокурордың аға көмекшісі Нұрбек Күзбақов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өткен аптада Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының 4 және 5-курс студенттері оқу төлемінің ұлғайтылуына қарсы наразылық білдіріп, оқу төлемінің арттырылғаны туралы хабарламаға қол қоюдан бас тартқан. Осыған байланысты жоғары білім ошағының басшылығы оларды емтиханға жібермеу туралы бұйрыққа қол қойды. Студенттерге таратылған хабарландыруға сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап оқу төлемі 1 және 2 курс студенттері үшін қазіргі 80 мың теңгеден 191 200 теңгеге дейін өспек. Ал 3 курс студенттері 103 мың теңгенің орнына 146 мың теңге, 4 курс студенттері 107 мың теңгенің орнына 132 мың теңге төлемек. 6 және 7 курс студенттері үшін оқу төлемі 112 мың теңгеге дейін көтерілді.
Осыдан кейін академия басшылығы студенттерді сессияға жіберді. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының бірінші проректоры Сергей Терехиннің айтуынша, хабарламаға қол қоймайынша , студенттерді емтиханға жібермеу туралы шешімді декандар өз білермендігімен шығарған. Бірақ осы орайда бірінші проректор оқыту төлемі үкімет қаулысы мен ҚР денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес көтерілгенін атап өтті.
Бұл проблема БАҚ-тарда көтерілгеннен кейін оған мәжіліс депутаттары қызығушылық танытты. Мәселен, мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров сәрсенбіде Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының ректоры Ілияс Құлмағамбетовпен кездесіп, студенттердің сауалдарына тікелей жауап алмақшы.