Қарағанды облыстық әкімшілігі учаскелік инспекторларға автокөліктер бөлді

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осыдан бірнеше ай бұрын облыс әкімі Камалтин Мұхамеджанов учаскелік полицияның жұмысын жақсарту, толыққанды штат қалыптастыру, учаскелік полиция бөлімшелерінің материалдық-техникалық проблемаларын шешу туралы міндеттеме жүктеген. "Жұмысын ойдағыдай атқара алмаған бірде-бір полицей немесе бірде-бір учаскелік инспектор пәленің бәрін материалдық-техникалық қиындықтарға жауып, жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеу үшін біз бұл саланы барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіп, содан кейін қайтарымын талап ететін боламыз",- деген еді әкім.

Сөйтіп учаскелік қызметті автокөліктермен қамтамасыз ету арқылы облыстық және қалалық әкімшілік пен мәслихаттар бұл саланы біршама қиындықтан құтқарып отыр. Биыл Қарағандыда тұңғыш рет учаскелік инспекторлардың толыққанды штаты қалыптасты, қазір мұнда 174 инспектор мен 33 көмекші бар. Полицияның учаскелік бөлімшелерінің саны 32 болды. Қалалық әкімшілік бұл бөлімшелерге арнап пәтерлер бөліп, онда жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бөлімшелер түгелдей телефон желісіне қосылып, стационарлық рациямен қамтамасыз етілген. Қазіргі жағдаймен учаскелік инспекторларды мобильді рациямен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ, Ғ.Көпжасаровтың айтуынша, қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен қалалық бюджеттен алғаш рет учаскелік инспекторларға көмек көрсеткен азаматтарды ынталандыру қаржысы бөлінді. "Бұл мақсатқа 100 мың теңге бөлініп, 25 азаматты ынталандырдық",- деді Қарағанды ІІБ бастығының орынбасары.