Мынау тең жартысын тасқын су басқан Тоқтар ауылы. Түн ортасында алапат қарқынмен келген су ауылдың жартысын есеңгіретіп тастаған.
Тізеден келетін мына қызыл су, жұрт шырт ұйқыда жатқан түнгі сағат 3 терде үйге лап қойған. Осы үйде болған 6 адам бір- біріне соғылып, қағылып жүріп жандарын әрең сақтапты. Ал қалған заттары тұрған орнында судың астында қала берген.
Жұрт жергілікті атқамінерлерге ашулы. Ауылдың жартысы суды белдеп жүргенде, ауданның басшылары елмен бірге жүрудың орнына, шіреніп тұрып сес көрсетіп кетіпті.
Қуат Қаржасбаев, Тоқтар ауылының тұрғыны:
-Әкімшілікке қысты күні айтқамыз су келгенде. Мына өзенді бітеңдер, қызыл су жүріп кетті. Сонда ешкім ештеңе істеген жоқ енді өзімізге кеп айбат шегеді. Енді далада жүрміз міне көршінің үйіне қонып. Ешқандай көмек жоқ.
Қорада қалып, суға тұншыққан 30-ға тарта ұсақ мал қырылған. Тек бір Тоқтар ауылының өзінде 50-ден аса үйді су шайыпты. Қызыл судың кесірін көріп отырған әлі он шақты елді-мекен бар. Ал жиналмаған көрпе төсегі судың бетінде қалқып қала берген тоқтарлықтар енді ағайын-туысты жағалауға мәжбүр.
Айша Жалмұхамбетова, Тоқтар ауылының тұрғыны:
-Ыңғайсыз. Кісінің үйінде тұрған өз үйіңдегідей бола ма? Үйіміздің түрі мынау. Тамақты бәрін көрші ауылдан сатып әкелдік, баламмен барып.
Ауылдың үстімен өтетін өзен арнасына симаған су дәл осы жерден асып түсіп үйлерге кіріп жатыр. Себебі қалың мұз арнаны бітеп тастаған.
Аңғар таза болса, еріген су жылдағыдай жылғалармен ағып кететіні анық еді. Бірақ, осы жолы екі күн жауған жаңбыр судың көлемін арттырып жіберді дейді шенеуніктер. Ал қатқан мұзды жаруға шамасы келмеген ауыл әкімінің айтқанын, жоғарыдағылар құлағына да ілмеген.
Жанар Ғимадиев, Тоқтар ауылының әкімі:
-Ауылдың ішіне кіріп жатқан суды тоқтата алмаймыз біз. Ол шамадан шығып кетті. Бір айлық норма - екі күнде еріп кетті. Ауылдың сыртынан арна жасап жатырмыз. Негізі бір- екі күнде бітуге тиісті. Нұркенде бүгін азайыпты.
Ал мынау Тоқтар ауылындағы бүгінгі көрініс. Толассыз аққан тасқын су жолдан асып, ауылдың екінші бетін басып, мектепке дейін кірген. Аудан әкімінің селекторлық жиында бүгін берген есебінде мұның бірі жоқ. Айтуынша, судың қарқыны қайтқан. Жұрт әкімдік ұсынған аста төк көмектің шапағатын көріп жатыр. Кем дегенде 5 ауылды басып жатқан қызыл су тіпті болмағандай екен. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков аудан әкімінің атқарып жатқан жұмысына алғыс білдіріп, арқадан қаққан. Ал тұрғындары 6 күннен бері тізеден су кешіп жүрген Тоқтар ауылына бүгін ғана бір трактор келіпті.
Loading...