Қарағанды облысында 4 жыл ішінде 9 мың жаңа жұмыс орны ашылды


Бұл туралы  облыс әкімі Бауыржан Әбдішев  Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің кезекті отырысы кезінде мәлімдеді.  
Отырыс барысында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 7 жоба, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде іске асыру жоспарланып отырған 9 жоба қарастырылды. Сол сияқты, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша «микрокредиттеу» тетігі шеңберінде несие алушыға тиімді жылдық ставканың жоғары мөлшерін белгілеу мәселелері пысықталды. 
Аймақ басшысының айтуынша, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының жүзеге асуының арқасында бірқатар кәсіпорындар кеңейтіліп, жаңартылды, жаңа өндіріс нысандары ашылды. 4 жыл ішінде 9 мың жаңа жұмыс орны ашылып, салықтық түсімдер 11 млрд. теңгеге көбейді.
Сондай-ақ отырыс барысында жаңа жобалар қарастырылды. Мәселен, «Виброблок» ЖШС-нің «Құрылыс блоктарын өндіретін зауыт жұмысын жаңғырту» (Қарағанды) және «Байсарин» ЖК-нің «Қоқыс қалдықтарын тасып шығаруға арналған арнайы құрылғылар алу» (Ұлытау ауданы) жобалары. 
Үйлестіру кеңесі мүшелерінің назарына өзге де жобалар ұсынылды. Мысалы, «Әлихан» шаруа қожалығының «Мүйізді ірі қара өсіру үшін мал жемдейтін алаң құрылысы», «Ұлан» шаруа қожалығының «Қазақтың ақбас тұқымын өсіру үшін мал жемдейтін алаң құрылысы» (екеуі де Бұқар жырау ауданынан), «Кондитерлік және аспаздық өнімдер шағын цехын құру» жобасы. 
Отырыс соңында аймақ басшысы Бауыржан Әбдішев көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. 
Таратып айтсақ, облыстық кәсіпкерлік басқармасына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мақұлданған жобалар тізімін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-на және екінші дәрежелі банктерге жолдауды жүктеді. Одан бөлек, орта және шағын бизнес өкілдерін топ-менеджментке баулу және оқыту мақсатындағы өтініштер тізбесін әзірлеп, ҚР Аймақтық даму министрлігіне ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша мақұлданған жобаларды тиісті әкімдіктердің қарауына жіберуді жүктеді.