Су шаруашылық нысандарды облыстық коммуналдық меншікке өткізіп беру барысы дүйсенбі күні облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қарастырылды.
Кеңесте облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Шағурашид Мамалинов бірсыпыра су шаруашалық нысандары бойынша куәландыру құжаттары әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
«Жалпы облыста 116 су нысаны, оның ішінде республикалық меншікте – 7, жекеменшікте – 7, коммуналдық меншікте – 102, оның 17-cі облыстық меншікте, 79-ы аудандық коммуналдық меншікте тұр. Бұл 79 нысанды аудандық әкімдік облыстық коммуналдық меншікке өткізіп беруге дайындауда, тағы алтауы дереликцияда», - дейді ол.
Атап айтқанда, гидротехникалық қондырғыларымен Федоров су қоймасы, гидротехникалық қондырғыдарымен Саран су қоймасы, Ботақара ауылындағы 800 метрлік плотина, Ботақара су қоймасындағы Ботақара өзені бойындағы 2,5 км қашықтықты құрайтын су бөгеті, Петров ауылдық округіндегі плотина, Шалғын ауылындағы гидротехникалық қондырғыларымен Шалғын су қоймасы, «Калинино», «Тихоновка», «Промежуточная», «Бесбатыр», «Сарыөзек», «Кеңасу», «Ақжарық» және басқа плотиналар облыстық коммуналдық меншікке беріледі.
Ш.Мамалинов қазіргі кезде куәландыру құжаттары дайындалып жатқанын айтты.
Қарағанды облысының әкімі құзырлы органдарға нысандарды облыстық коммуналдық меншікке өткізуді бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берді.
«Бұл жұмысты қысқа мерзім ішінде аяқтау қажет. Техникалық төлқұжаттар дайындау мен нысандарды бағалау үшін қажетті құқықтық және қаржылық ресурстар қарастырылған», дейді әкім.
Сәуір айында Қазақстанда «Азаматтық қорғаныс туралы» заң қабылданды. Онда Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігіне меншік түріне қарай кез келген су қондырғыларын бақылауға мүмкіндік беретін норма қамтылған.