«Біздің «Сублимациялық әдіспен биенің табиғи сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру» жобамыз Осакаровка ауданының Дальный селолық округінде жүзеге асырылып жатыр. Оның құны - 831 млн.теңге. Жобаның қуаты жылына 10 тонна құрғақ ұнтақты құрайды. Ал ұнтақтың өзі 2015 жылы шығарылады», - деді кәсіпорын басшысы Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында.
Оның айтуынша, аталған өндірістің баламалы түрі Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістікте жоқ.
«Герман технологиясы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол бие сүтінің табиғи қасиетін сақтауға мүмкіндік береді», - деді Ғ. Мейрамбеков.
Бұған қоса, ол өнім экспортқа бағытталғанын атап өтті. Жоба жетекшісінің есебінше, бие сүтінен жасалған құрғақ ұнтаққа сұрасын жоғары болмақ. Себебі, қазір аталған өнімге тағамтану, фармацевтикалық және косметологиялық өндірісте сұраныс жоғары. Айта кетерлігі, жобаға Қазақ тағамтану академиясы ғылыми тұрғыдан жүзеге асыруға септігін тигізіп отыр.
«Біз бие сүтінің қаншалықты пайдалы екенін білеміз. Бұл жобаның болашағы жарқын. Одан алған өнім әлемдік нарықта қазақстандық брендке айналуы мүмкін», - дейді академияның президенті, профессор Төрегелді Шарманов.
Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев аталған жоба Мемлекет басшысының малшаруашылының экспорттық әлеуетін арттыру туралы талаптарына сай келетінін атап өтті.
«Жоба Индустриаландыру картасына енуге әбден лайық», - деді аймақ басшысы.
Осы орайда, Үйлестіру кеңесі аталған жобаға «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсету шешімін қолдады. Атап айтқанда, кәсіпорын мемлекеттен зауытқа қажетті индрақұрылымды жүгізуге көмектесуді сұрады.