Қарағанды облысында бүтін ауыл жылусыз отыр

-Шыдаңдар дейді. Қашанғы төземіз?

Молодежный кенті тұрғындары кеңес заманынан бері орталық жылу жүйесіне былтыр ғана қосылғанда бөркін аспанға атқан. Көбі үкімет жарылқады деп жүріп сан қыстан аман алып шыққан пештерін сүріп тастаған екен. Енді сол 22 көпқабатты үй жылусыз қалғанда электр құрылғыларымен жан сақтаған жұрт теңгеміз тоққа шығындалып жатыр деп налиды.

Зоя Бауман Молодежный кентінің тұрғыны:

-Күні- түні электр пешімен отырмыз. Оның өзі қайбір жылу береді дейсіз? Пешті алып тастағанбыз былтыр орталыққа қосқанда. Соны бекер істеген екенбіз

-Молодежный кентінің тұрғындары мына құбырларды жер аяғы кең жазда ауыстырмаған билікті кінәлейді. Себебі орталық жылу жүйесіне қосылған тұрғындар қазір үйлерінде бүрсеңдеп отыр. Ал шенеуніктер болса, қазан айында күннің күрт суытып кетуін болжамаған едік деп отыр.


Оразбай Бөкеев Осакаровка ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:

-Қазанда  қар түседі  деп біз ойлаған жоқпыз ғой. Жылдың басында орта кезінде берсе ғой біз уақытында тапсырар едік. Енді қазір ауа райы, ақшаға тіреліп отыр. Енді кінәлі мен болам .

Кенттегі 7 шақырым құбырды жаңартуға республикалық бюджеттен 90 миллион теңге бөлу қарастырылған екен. Оның 30 миллион теңгесі былтыр 2 шақырым құбыр салуға жұмсалыпты. Биыл ұлардай шулаған жұрттың баспанасы да сол кезде ауылдағы екі жылу орталығының біріне қосылған. Ал биыл жылдың басында күткен ақша тамыз айында ғана аударылыпты. Тендер өткізіп, мердігерді анықтағанша  қыркүйектен қазанға қарады деп ақталады атқамінерлер. 30 миллион теңгенің жұмысын мойнына алған мердігер төбе көрсетпесе де, шенеуніктер жақын күндері жылуды береміз деп ант су ішіп отыр.