Қарағанды облысында дүкендер мен базарларда азық-түлік сақтау және сату ережелерін бұзу деректері анықталды

"Прокуратура тарапынан жүргізілген тексеруі барысында азық-түлік өнімдерін өндіретін жеті цехтің іс-қызметі тоқтатылған. Нан және нан өнімдері антисанитарлық жағдайда пісірілген, ал наубайханашыларда санитарлық кітапшалары мен арнайы киімдері болмаған",- деп хабарлады Қ. Сәлімбаев.

Оның айтуынша, тексеру жүргізілген 300 шаруашылық субъектілерінің 70 пайызында сәйкестік сертификаты, санитарлық-гигиеналық қорытынды болмаған және де олар сақтау мерзімдері өтіп кеткен, сақтау шарттары бұзылған азық-түліктер мен балалардың ойыншықтарын сатып келген.

Азық-түлік көтерме сауда қоймалары мен азық-түлік базарларын тексеру барысында да заң бұзушылықтар анықталған. "Базардағы көптеген сатушыларда азық-түлік сапасының сертификаттары жоқ, азық-түлік сақтаудың температуралық режимі сақталмаған",- деді Қ. Сәлімбаев.

Қ. Сәлімбаев мысал ретінде: "Көтерме балық сату қоймасында 28 тонна қатырылған балық ашық жерде сақталынған. Қойма жұмысшыларында арнайы киім, медициналық кітапша жоқ, ал шикі балық пен дайын өнімді өлшеу бір таразы арқылы жүзеге асырылған", деп атап көрсетті.

Оның айтуынша, осы тектес заң бұзушылықтар тағы 8 қоймада анықталған. Сәтпаев қаласында 11 кәсіпкердің сатуындағы балалар ойыншықтары сатудан алынған.

Қарағанды облысының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына заң талаптары мен ережелерін сақтамаған субъектілердің іс-қызметін тоқтату мәселелеріне қатысты заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныс жолдады, деп қорытындылады Қ. Сәлімбаев.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті