Облыс әкімінің өкімімен Игембаев Төлеген Боранбайұлы «Б» кадрлық резервінен Өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Т.Б. Игембаев 1975 жылы туған. Екі жоғары білімі бар, 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін тәмамдады, біліктілігі бойынша - экономист, заңгер.
1997 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында жұмыс істеді.
2000 - 2002 жылдары ел Парламенті Сенатында консультант болды.
2002-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде алдымен консультант, кейін бас сарапшы болып істеді.
2003-2004 жылдары Астана қаласының Салық комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2004-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Коммерциялық құрылымдарда да жұмыс тәжірибесі бар: «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бас менеджер болды, «Біріккен химия компаниясы» ЖШС еңбек істеді.
2012 жылдың сәуір айында Қарағанды облысы әкімінің аппараты индустрия мен шағын және орта бизнесті дамыту бөлімінің басшысы болып тағайындалды.
Аймақ басшысы сондай-ақ зейнет жасына келуіне байланысты облыс әкімі аппаратының кадрлық жұмыс және наградалар бөлімінің басшысы Тұяқов Ғабит Шораұлының зейнет демалысына шығатындығын хабарлады.
Бауыржан Әбдішев ардагер әріптесіне көп жылғы атқарған адал еңбегі үшін алғысын білдіріп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықты табыс етті.