"Қозғалыс облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қарлы бұрқасын туралы ескертпесі және бекеттерден хабарланған шұғыл жағдай негізінде жабылды", - деп түсіндірді облыстық жол полициясы басқармасында.
"Ауа-райы тыныштала салысымен көлік қозғалысы қалпына келмек", - деп толықтырды басқармада.
Жайсыз ауа райы Павлодар облысында байқалып отыр. "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне облыстық гидрометеорология орталығынан хабарлағандай, "аймақта қатты жел соғып тұр. Ол кейде секундына 22 метрге жетті. Сонымен бірге, 6 метеорологиялық станцияда боран және көру қашықтығы 200-500 метрге дейін төмендегені байқалып отыр".
"25-желтоқсанда Павлодар облысының аумағында қарлы боран, бұрқасын және батыс бағытта секундына 15-20 метр қатты жел болады. Сонымен қатар, ауа температурасы 20-25 градус аязға дейін күрт суытады", - деп болжам жасап отыр метеорологтар.
Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, "қазіргі уақытта (дүйсенбі, 24-желтоқсанда) 77 техника жұмыста. Электр станцияларында жылуға жеткілікті көмір мен мазуттың қосымша қоры бар".
Сонымен бірге, басқарма қызметкерлері: "жайсыз ауа-райына байланысты көрші Ақмола облысында Астана-Павлодар трассасында көлік қатынасы уақытша жабылды", - деп хабарлады.