Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құзырлы органдарға алдағы мереке күндеріне байланысты әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу туралы тапсырма берді.
«Әлеуметтік ахуал баға саясатына тікелей байланысты. Ұсақ дүкендерге, ірі сауда үйлеріне иелік етуші шағын және орта бизнестің жекелеген өкілдері алдағы желтоқсандық мерекелер кезінде жекелеген азық-түлік түрлеріне тұрғындар сұранысын пайдаланып, олардың бағасын қымбаттатуына жол беруге болмайды», - деп Н.Әбдібеков облыстық әкімдікте өткен жұмыс кеңесінде атап көрсетті.
Аймақ басшысы бұған дейін мереке күндері кейбір кәсіпкерлер азық-түлік бағасын өсіру фактілері орын алғанын айтты.
«Керісінше, құзырлы органдар мен департаменттерге бизнес өкілдерімен мерекелік шаралар мен жеңілдіктер туралы келісу қажет. Сонымен қатар, аймақта әлеуметтік аз қамтылған жандарға арнап шағын жәрмеңкелер, демеушілік көмектің таралуына байланысты іс-шаралар өткізу жоспарланған", - дейді Н.Әбдібеков.
Әкім азық-түлік бағасының жағдайына мониторинг жүргізуді облыстың кәсіпкерлік басқармасы мамандарына тапсырып, оларға бұл жағдайды уыстан шығарып алған жағдайла тәртіптік жауапкершілікке тартылатындарын ескертті.
«Қандай да бір жерде бағаның қымбаттағанын айтып адамдар қоңырау шала алатын ұялы телефон нөмірін іске қосу қажет», - деп әкім кеңес берді.
Сонымен қатар, облыс әкімі қарамағындағыларға Тәуелсіздік күні мен Жаңа жылды мерекелеу кезінде өздерінің тікелей қызметтік міндеттерін ұмытпауды естеріне салды.
«Мереке қарсаңында әсіресе ауа-райы жағдайын мұқият бақылау керек. Мереке күндері халықтың жүріп-тұруына қиындық келтірмек үшін, жолдар уақытында қардан тазартылуы тиіс. Әсіресе республикалық маңызы бар тас жолдарда кептеліске жол бермеу керек. Төтенше жағдай туындай қалған жағдайда оны дереу жоюға кіріскен жөн», - дейді облыс әкімі.
Н.Әбдібеков жылу беру маусымын өткізу барысын да бақылауда ұстауды тапсырды.
«Облыс тұрғындары мереке күндері жылумен, қуатпен, ыстық және суық сумен қамтылуы тиіс», - деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.