Қарағанды облысында металл кремний өндіретін зауыт құрылысы салынбақ

Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мұндай зауыт құрылысы - барлық өңір үшін серпілісті жоба. Облыс әкімдігі өз тарапынан құрылыс үшін жер телімін әзірлеп отыр.

"Біз өндірістік құрылыс үшін Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданынан 110 гектар жер телімін бөлдік. Бұдан басқа, тағы 300 гектар жер телімі сол ауданнан берілетін болады", деп атап өтті Н. Нығматулин.

Салынбақшы болып отырған зауыттың жобалық қуаты жылына 25 мың тоннаны құрамақ. Одан әрі, техникалық-экономикалық есептеуді және ғылыми негіздемені аяқтағаннан кейін, жобалық қуаты жылына 2 мың тонна болатын поликристалл түріндегі кремний өндіретін зауыт құрылысы жоспарланбақ.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов кеңесті қорыта келе, "Қарағанды облысында зауыт құрылысын салу туралы қағидатты шешім қабылданды. Бұл - белсенді дамуды қажет ететін серпілісті жобалардың бірі", деп атап көрсетті.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті