Қарағанды облысында мини-футбол клубының дамуына Т70 млн бюджет қаржысы бөлінеді

«Облыс басшылығы команданың материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын қабылдап жатыр. Жақын уақытта облыс әкімдігінің жарғылық капиталына 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен «Тұлпар» мини-футбол клубы» ЖШС-ін құру туралы өкіміне қол қойылады. Біз команданы қолдау үшін бюджеттен Т70 млн бөлуді жоспарлап отырмыз», - деді С. Ахметов сейсенбі күні «Тұлпар» командасының мүшелерімен кездесуде.

Аймақ басшысы «Тұлпардың» өткен маусымдағы жеңістерімен құттықтады, клуб футзалдан Қазақстанның кубогы мен суперкубогының жеңімпазы атанғаны белгілі.

«Бұл кубоктарды жеңіп алып, қарағандылық жанкүйерлерге тамаша сыйлық жасадыңыздар. Сонымен қоса, бұл жеңіс ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы және команданың 10 жылдығымен қабаттас келіп отыр», - деді С. Ахметов.

Аймақ басшысы «Тұлпардың» еліміздегі ең мықты командалардың бірі екендігін тілге тиек етті. «Оған өткен маусымның көрсеткіштері айқын дәлел бола алады. Онда команда тек кубоктарды жеңіп алып қана қоймай, сонымен бірге республика чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын. Команда құрамы тек қана қарағандылық футбол түлектерінен құралғаны да көңіл сүйсінтеді. Клубтың көптеген ойыншылары футзал бойынша ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді», - деді облыс әкімі.

Кездесуде «Мини-футбол - мектептері» пилоттық жобасы таныстырылды. Ол Қарағанды облысында «Тұлпар» МФК бастамасымен жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі. Қарағандылық 10 мектепте дене шынықтырудың 3-ші сағаты есебінен мини-футбол сабағы өткізіледі. 12-13 және 14-15 жеткіншектерден 2 топ құру жоспарланған. Клуб дене шынықтыру мұғалімдерін оқытуда көмектесіп, әдістемелік әдебиет беретіндерін уәде етті.

Бұл жобаны жүзеге асыру бұқаралық спорт түрлерін дамытып қоймай, дарынды өрендерден резерв дайындауға да мүмкіндік береді, деп есептейді клуб мүшелері.

«Біздің қарсыластарымыз бразилиялық легионерлерге үміт артса, біз өз тәрбиеленугілерімізбен жеңіске жетуге тырысамыз», - деп мәлім етті «Тұлпар» МФК президенті Анатолий Смотрицкий.

Кездесу барысында үстіміздегі жылдың 20 қазанында басталатын кезекті ел чемпионатының команда алдына жаңа міндеттер жүктейтіні де сөз болды. «Басты міндетіміз, әрине, алдыңғы орындардан көріну болып отыр. Алдағы ел чемпионатындағы мақсатымыз – кем дегенде екінші болу. Біз 27-28 желтоқсанда Қарағандыда өтетін Қазақстан кубогын жеңіп алмақпыз», - деп мәлім етті командасының жоспарларымен бөліскен бас жаттықтырушы Әміржан Мұқанов.

Қазақстанның футзалдан чемпионатының алғашқы ойындары Қарағандыда «Тұлпар» спорт кешенінде өтеді. Қарағандылық «Тұлпар» 20-21 қазанда өз алаңында астаналық «Ұшқын -Искрамен» кездеседі.