Қарағанды облысында обадан тауық қырылып жатыр

Ауылдағы айналдырған 200 үйдің 28-нің қорасы қаңырап қалған. Әр үйді аралаған полиция барлығы 194 тауықтан айырылдық деген ағайынның арызын қағазға түсіріп жүр. Ал әзірге тауықтарына тықыр таямағандар құстарын қораларына қамап отыр. Өйткені ветеринарлар далаға шығарсаңдар айыппұл саламыз деген.

Саят Төлеутегі, Талды ауылының тұрғыны:

-Бір күн далаға шықпаса әсер етеді ғой. Көп алмаймыз ғой. Кеше 11 жұмыртқа алдық. Бүгін қанша болатынын білмеймін, шығып жүргенде 20-25 алатынбыз.

Наурызда басталған дертті мамырда анықтаған ауылдың мал дәрігері «анда кетті, мында шаптымен» төбесін көрсеткен жоқ. Ағайын да алғаш айтқанда міз бақпаған еді деп налиды. Есесіне енді тауықтың етін қуырып емес, пісіріп жеңдер деп ақыл айтып жүрген көрінеді. Ал жұрттың шеккен шығынының өтелуі екіталай болып тұр.  


Боранбай Төлеуов, Талды аулының әкімі:

-Республикамен хабарласып отырмыз, вакцина табылды. 3000 дана. Сол вакцинаны осында әкеп егеді. Астанадан айтып жатыр бұл жаңағы дала құстарымен келуі мүмкін ғажап деп айтады дейді.

Ауылға тиген обаның 3 атауы бар екен. Олар «ағылшын», «өтірік» оба және «Ньюкас» обасы. Аталған  ауру ағзасы әлсіз келетін тауықтарды баудай түсіріп жатыр. Адамға жұқса түшкіртіп- пысқыртып көзді жасауратудан аспайды дейді мамандар. Дегенмен осыған қарамастан ауылда карантин жарияланып, кіре беріс жолдарда бүгін полиция бекеттері қойылса, ертеңдері арнайы жабдықталған ветеринарлық бекеттер құрылады деп жоспарланып отыр.