Қарағанды облысында қысқа дайындық жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталмақ

   Бұл туралы әкімдікте өткен селекторлық жиында облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жетекшісі Сергей Қасымов мәлім етті.

«Бүгін біз жылу маусымына 95 пайыз дайынбыз. Жоспар бойынша дайындық деңгейі 85 пайыз болуы тиіс. 16 қазандық агрегат пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. ҚарГРЭС пен ЖЭО-1 станциялары қысқа дайын. 7 қазандық пен 7 турбинада жөндеу-қалпына келтіру шаралары атқарылып жатыр», - деді С.Қасымов.

«773 білім нысанында, 271 денсаулық сақтау мекемесінде, 245 мәдениет нысанында, 5784 көп қабатты тұрғын үй мен 37 спорт ғимаратында жылу маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталды», - деді ол.

С.Қасымовтың айтуынша, жергілікті 48 қазандық пен 804 қосалқы станциядағы жабдықтар жөндеуден өткен. 119,5 км жылу құбыры, 3475 км электр желісі, 146 км су және кәріз желілері ішінара ауыстырылды.

Тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелерді жылытатын жергілікті қазандықтарға 240,5 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл сұраныстың 71 пайызы. Көмір жеткізу әлі жалғасып жатыр, деді ол.


Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жиынды қорыта келе қалалар мен аудандар басшыларына жылу маусымына дайындықты дұрыс жүргізбегендер жеке жауап беретінін қадап айтты. Ал, энергетикалық нысандар басшыларынан жөндеу жұмысвтарын бекітілген кестеге сай аяқтауды талап етті.