Қарағанды облысында Ресейге 3,5 килограмм героин жеткізуге талпынған зейнеткер әйел ұсталды

Комитет ақпаратына сәйкес, есірткімен күрес комитетінің қызметкерлері, есірткі саудасымен күрес бөлімінің арнаулы бөлімшелері, көші-қон және желілік ішкі істер бөлімі патруль полициясының қызметкерлері бірлесе жүргізген ұзақ мерзімді шараның нәтижесінде "Қарағанды" станциясында Қарағанды-Омбы бағытында қатынайтын жолаушылар поезынан Теміртауда тұратын 66 жастағы зейнеткер әйел құрықталды.

"Тінту кезінде әйелдің көйлегінің ішінен салмағы 3,5 килограмнан астам героин салынған 6 полиэтилен дорба табылды",- деп хабарлайды тәртіп сақшылары. Олардың айтуынша, әйел героинді РФ аумағында сату үшін шекарадан алып өтпек болған. "Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды",- деп хабарлайды мекемедегілер.

Сонымен бірге Маңғыстау облысы, Ақтау қалалық ІІБ есірткі саудасымен күрес бөлімінің қызметкерлері Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылатын әйелді ұстады. Оперативтік қызметкерлер оның жалға алған екі пәтеріндегі құпия қоймасынан 102 грамм героин тапты. "Тұтқынның айтуынша, ол сәуір айында ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы сату үшін контрабандалық жолмен героин алып өткен", деп хабарлайды полициядағылар.

Комитеттегілердің нақтылауынша, қазір есірткі жеткізу арналары мен осы қылмысқа қатысы бар сыбайластарын анықтауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті