«Облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев жұмыс сапары барысында Абай, Бұқар жырау және Нұра аудандарындағы табиғи апат салдарын қалыпқа келтіру жұмыстарын байқады. Сарытөбе ауылының тұрғындарымен кездескенде ол су тасқынынан зардап шеккендерге 12 мамырдан өтемақы төлене бастайтынын хабарлады», - делінген хабарламада.
Келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың өтініштері назарсыз қалмайтынын айтты.
Билік ақпаратынша, Абай ауданы Жұмабек ауылында бюджет қаражатына үш үй, демеушінің қолдауымен бір үй салынады.
Бұқар жырау ауданындағы Чкалов және Гагарин ауылдарының тұрғындарымен кездескен А.Дүйсебаев мүлік бағаланып болған соң, тұрмыстық техника, жиһаз және құрылыс материалдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылатынын айтты. Онда бағалар арзанырақ болмақ.
«Қазір ірі сауда орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деп қосты ол.
Нұра ауданында жарым-жартылай қалпына келтірілген жол тексерілді. Бұл жол 13 елді мекенді аудан орталығымен байланыстырады.
«Тұрғындар қолдау көрсеткен облыс пен жергілікті билік басшылығына, барша қазақстандықтарға алғысын білдірді», - деп атап өтілді хабарламада.
Бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысында сел кезінде су басу аумағында 51 елді мекен қалды, онда 2107 үйді су басты. Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин кенті мен Нұра стансасында 148 үй апаттық жағдайда және оны бұзу керек деп танылды. Олардың орнына жаңа баспана салынбақ.
Осыған дейін хабарланғандай, ТЖ құрбандары бар. Ғ.Мұстафин кентінде 17 сәуірде құтқарушылар жеке меншік үйден ерлі-зайыпты қариялардың мәйітін тапқан еді.
Билік ақпаратынша, су басқан аймақтан 13 279 адам, 33 466 мал шығарылды. Апат салдарынан 434 бас ірі қара, 1043 қой мен ешкі, 55 жылқы, 47 шошқа, 762 құс қырылды.
Су тасқыны салдарынан шағын және орта бизнестің 48 субъектісі зардап шекті.