- Әні қараңыз. Үнді пойыздары секілді. Бәрі жабылып мініп ұрлап жатыр...
Мына қарақұрым халық топтасқан жанталасқан жер қып-қызыл төбелестің ортасы ма дерсің. Бірақ бұл төбелес емес, тірлік үшін жанталас. Олар станцияға аз уақыт аялдаған вагондардан неғұрлым көп көмір түсіріп қалуға асығып жатыр.
-Мынау Қарағандыдан 150 шақырым жерде орналасқан Жарық станциясы. Дәл осы жерде Шұбаркөл және Жалын кен орындарынан көмір тиеп әкелетінвагондар еліміздің негізгі темір жол магистраліне ілінеді. Ал Жарық станциясынан 17 шақырым жерде орналасқан Еркіндік ауылында көмір тоналып жатыр.
Көмір тиеген жүк пойыздары Еркіндік станциясына екі сағат сайын тоқтап 10-15 минуттай аялдайды. Түн қатып кетпен-күрегін сайлағандар бұл уақытта біраз көмірді түсіріп үлгереді екен. Келесі тіркеме келгенше жердегі көмір мынадай көліктерге тиеліп жан-жаққа жөнелтіледі. Мәселен, Жарық станциясына немесе 30 шақырым жердегі Өспен ауылына. Бұл көмір ертеңіне-ақ осы жерлерде саудаға салынады, одан қалды, қалаға жөнелтіліп отырады.
Еркіндік ауылына дейін Жаңаарқа ауданына қарасты 57-ші шақырым станциясында да көмір дәл осылай талан-таражға түседі екен. Соңғы екі жылда ұрылардың тіпті еркінсіп кеткені анық байқалады. Тіпті түсіру тобын байқап қалған олар қуып берді. Алды-артты кес-кестеп жолды бөгеп апатқа да ұшырата жаздады.
-Айтпақшы, 102 нөміріне де телефон шалдық. Түнгі сағат екілер шамасында ұйқысынан оятып алсақ керек, кезекші полицей көмек берудің орнына ата тегімізді, қайдан, қайда бара жатқанымызды сұрап есінеп тұрып алды. Тіпті ұрлық болып жатқанын естісе де селт еткен бір полицей жоқ. Ал көмірге тапсырыс беріп, вагондарының түбін сипап қалғандардың жоғын қайдан іздеу керектігін олардың білмеуі мүмкін емес.