Қарағанды облысында жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейі төмендеді

«Соңғы үш жылда облыстағы жалдамалы жұмысшылар саны 30 мың 900 адамға жетті. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер саны 24 мың 100-ге қысқарды. Жалпы жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейі де төмендеді», - деп дүйсенбі күнгі кеңесте Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жетекшісі Жандос Әбішев хабарлады.

Оның айтуынша, бірінші жарты жылдықта 3550 адам еңбекпен қамту қызметінің көмегіне жүгінген. Оның 1926-сы «Жұмыспен қамтудың жол картасына» қатысқан. Соның ішінде жұмыссыздар - 53%, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар - 30%, тіркелмегендер - 15% және ішінара жұмыспен қамтылғандар - 1,7 %.

Биыл жол картасы негізінде 4,9 млрд теңгені игеріп, 2400 адамды қамту көзделіп отыр.


Баспасөз мәлімдемесіне сүйенсек, «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту» бағдарламасының алғашқы бағыты бойынша 45 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жиында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» жобаларын жүзеге асыру, бағдарламаға қатысушыларды тұрақты жұмыспен қамту және оларға міндетті зейнет жарнасын аудару мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар берді.