Өрт қауіпсіздігі департаментінің қызметкерлері 272 орта мектепке тексеру жүргізген. Тексеру жүргізуге үстіміздегі жылы № 5 мектеп-интернат пен № 3 гимназияда шыққан екі өрт түрткі болған.
"Тексеру нәтижсеніде 3 мыңнан астам өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу дерегі анықталған. Олардың басым бөлігі тексеру барысында жойылған. Бірақ, көптеген нысандар өрт қауіпсізідігінің нормаларын өрескел бұза отырып пайдаланылуда",- деп хабарлады өрт қауіпсіздігі департаментіндегілер.
Департаменттің ақпараттарына сүйенсек, үстіміздегі жылдың қазан айында облыстық тәртіптік кеңеске Қарағанды облысының дайындық актілері жоқ мектептерінің басшылары туралы ақпарат жолданған болатын.
Мекемедегілердің хабарлауынша, өрт қауіпсіздігінің ережесі мен нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған 159 лауазымды тұлғаға 880,9 мың теңге көлемінде және 162 жеке тұлғаға 105,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сонымен қатар, экономикалық сотқа білім беру нысандарын пайдалануды тоқтату жөнінде 27 шағым арыз түскен. Бұған қоса үстіміздегі жылы білім беру нысандарының өртке қарсы қорғанысын нығайтуға облыстық бюджеттен 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Келесі жылы Қарағандының бюджет жобасында автоматты өрт дабылдары орнатуға және ғимараттардың шатырын өртке қарсы өңдеуге 31 млн теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған.