Қарағанды облысындағы өзендер мен көлдер ерекше бақылауға алынды – әкімдік


Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір 54 бақылау бекеті тәулік бойы өзен-көлдердегі су деңгейін мониторингтен өткізіп келеді.
Хабарламаға сүйенсек, Н.Әбдібеков ТЖ департаменті қызметкерлеріне «Қазгидромет» филиалымен бірлесіп жыл сайын гидротехникалық нысандарға барып, су деңгейін бақылауды тапсырды.
«Дамба арнасынан тасып кеткен жағдайда немесе су деңгейі бірден көтерілетін болса көмекке келетін 1234 құтқару көлігі дайын тұр. Оның 223-і су сорғыш техника. 7957 тонна жанар-жағармай материалы, 226 тонна 700 кг азық-түлік пен 40 тонна қопару материалы бар», - делінген хабарламада.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жетекшісінің орынбасары Марат Қатпановтың сөзіне сүйенсек, аймақта 220 су шаруашылық нысаны бар. Оның сегізі ТЖМ балансында. 21 су қоймасы облыстың коммуналдық меншігінде, 175-і аудандардың меншігінде, 16 су қоймасы жекешелендірілген.
«Жекеменшік су қоймалары дан да жіті қадағалап отырмыз», - деді М.Қатпанов бейсенбі күні әкімдікте өткен кеңесте.
Жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан мониторинг нәтижесінде Нұра, Шерубай-Нұра, Соқыр, Жаман-Көн, Үлкен-Құндызды, Тоқырау, Талды, Сарысу, Жаман-Сарысу өзендерінде тасқын қаупі жоғары деп танылды.
Әкім «ҚазАвтоЖол» АҚ филиалы мен жолаушы көлігі басқармасы басшыларына тасқын су жолдарды шайып кеткен жағдайда қалпына келтіруге қажетті материалдарды дайындап қоюды тапсырды.