Қарағанды облысындағы тұралап қалған кәсіпорындардың барлығы 2015 жылдың соңына дейін іске қосылады


Бұл туралы бейсенбі күні облыстың Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан хабарлады.
«Қарағанды облысының басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековтің тапсырмасы бойынша аталған бағытта жұмыс жүріп жатыр. Әкім аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруды жүктеген болатын. Бүгінгі күнге дейін тұралап қалған 27 кәсіпорынның алтауы өндірісті қайта жанандырды. Облыс әкімі өз тапсырмасында айтып өткендей, тұралап қалған кәсіпорындарға қайта жан бітіру аймақтағы өндіріс көлемін 3-5 пайыз арттыруға мүмкіндік береді. Оған қоса жаңа жұмыс орындары ашылады», - деді басқарма өкілі.
Қайта іске қосылған кәсіпорындардың қатарында: Теміртау қаласында орналасқан «Бидай нан» ЖШС кондитерлік өнімдер шығаратын цехы, Жаңа әулет» ЖШС-нің Қарағандыда орналасқан алкогольді және алкогольсіз сусындар цехы, «Астана Power Engineering» ЖШС кірпіш зауыты тағы басқа өндіріс ошақтары бар.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, сауықтырылған алты кәсіпорын 370 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Биылғы жылдың он бір айында аталған кәсіпорындар 700 млн теңгеден астам өнім өндірген.
Аймақта қыш кірпіш құятын «Keratek» ЖШС, дайын металл өнімдерін өндіретін «Темір» ЖШС, синтетикалық жуу құралдарын жасап шығаратын «Монета Дитрерджентс» ЖШС, металл өңдеумен айналысатын «Ақ төбе К.Т.» ЖШС, Балқаш ет комбинаты, «Заготскот» шаруа қожалығы, «Керегетас» тау-кен компаниясы» ЖШС, «Спирт зауыты» ЖШС сынды өндіріс орындарының жұмысын жандандырып, қайта іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды басқарма өкілі.
Сонымен қатар, аймақтық өнеркәсіп басқармасы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жұмысы тұралап қалған ірі және орта өнеркәсіп орындарын сауықтыру жөніндегі жол картасын әзірлеп жатыр.