Бұл туралы облыс басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Ғимарат ең соны үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Мұнда операциялық блок, жан сақтау және қарқынды терапия бөлімшесі, балалар кардиохирургиясы және ересектердің жүрек-қан тамыры хирургиясы блогы, өткір инфаркт блогы, клиникалық зертхана мен қабылдау бөлімшесі, орталық зарарсыздандыру бөлімшесі орналасқан.
«Жүрек-қан тамыры хирургиясы мен интервенциялық кардиология қазіргі заманғы медицинаның үлкен сұранысқа ие әрі қарқынды дамып келе жатқан саласының бірі. Операция-жан сақтау блогын салуға осы жағдай түрткі болды», - дейді Кардиологиялық орталық директоры Арыстан Мағзомов.
Оның айтуынша, өңірде жылына 11-12 мың адамның жүрегіне операция жасау қажет.
«Заманауи блок іске қосылғаннан кейін жасалатын ота санын жылына 2500-ден 5000-ға дейін арттырмақ», - деді А.Мағзомов.
Облыс әкімі болса жаңа блоктың іске қосылуы мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттарды дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалып жатқанының айғағы екенін атап өтті.