"Қарағанды облысының ауылдық жерлерін сумен қамтамасыз ету" жобасының аяқталған нысандары пайдалануға берілді

Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстан Республикасы мен Ислам даму банкі арасындағы қарыз беру туралы келісімге сәйкес ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитеті "Қарағанды облысының ауылдық жерлерін сумен қамтамасыз ету" жобасын жүзеге асыруда.

Ислам даму банкі 7 млн ислам динары (шамамен $9,451 млн) көлеміндегі қарызды ұсыну жолымен жобаны қаржыландырып отыр. Бұл қаражат жоба құнының 84 пайызын құрайды. Қалған $1,863 млн көлеміндегі қаржыны ҚР үкіметі ұсынады. "Қарағанды облысының ауылдық жерлерін сумен қамтамасыз ету" жобасының құны - $11,314 млн. Оның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына $9,147 млн көлеміндегі қаражат шығындалады. Жобаның әрекет ету мерзімі 2008 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.