Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Қарағанды қаласына кіреберіс жолдағы "Соқыр" постысында есірткі саудасымен күрес және есірткі айналымын бақылау бөлімінің қызметкерлері Ташкент - Новосибирск бағытымен кетіп бара жатқан "Мерседес" маркалы автобусты тоқтатқан. Автобуста Ресей Федерациясына нан табу үшін кетіп бара жатқан Өзбекстанның 68 азаматы болған.
Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, автобустың жүк бөлігін тексеру кезінде спорттық сөмке полицейлердің итінің назарын аударған. Оны ашқан кезде онда скотчымен оралған 5 түйіншек табылған. Олардың ішінде салмағы 4 кг болатын героин шықты.
"68 жолаушы мен жүргізушілердің барлығынан саусақ таңбалары, донорлық иіс, қалталарынан қиқым алынды", - деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
"Қазіргі уақытта автобус, жүргізушілері мен жолаушылары барлық жағдай анықталғанға дейін қамауға алынды. Есірткі табылу оқиғасы бойынша 259-баптың 4-тармағының "б" тармақшасы (сату мақсатымен ірі көлемдегі есірткі затын заңсыз алу, тасымалдау немесе сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жыл мен 15 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр", - деп хабарлады полиция қызметкерлері.