Қарағанды қалалық полициясы бірнеше адамды өлтірген күдіктіні ұстады

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 7-қазан күні кешкісін Қарағандыда бір беймәлім қаныпезер қырық минут ішінде төрт адамды өлтіруге әрекет жасады. Қылмыскер өз құрбандарын пышақтан ауыр жарақаттаған. Зардап шеккен екі адам қайтыс болып, екі адам ауыр жағдайда ауруханада жатыр.

Полицияның ақпаратына сәйкес, 23 жастағы Қарағанды тұрғыны, еш жерде жұмыс істемейтін, бұған дейін ұрлығы үшін сотталған күдікті ізі суымай қолға түсті. Жасаған қылмысын мойындаған жігіт бұл қаныпезерлігін сүйіктісі көзіне шөп салуға байланысты бүкіл әйелдерден кек алуды ұйғардым деп түсіндірген. Тергеу амалдары жалғасуда, күдікті изоляторға қамалды.